476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Бөгет құрылысын Шилі ауылының халқы 30 жыл бойы күтті: сол бөгеттен пайда жоқ

  • 348
  • UPD: 08:30, 17.07.2022

Екі жыл бұрын республикалық бюджеттен 194 млн теңге бөлініп, нысан қолданысқа берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мал ұстайтын  ауыл оның пайдасын көрді. Ұңғыма да ауыз суға толды.

Ербол Досмағанбетов, Шилі ауылдық округінің әкімі:

–  Бұл жерде судың болуы ауылдық жерлер құдықтан су ішкендіктен жерасты суын бірқалыпта ұстау үшін осындай жерге су тоқтатып отыр. Бұл енді қазіргі таңда салынды. Қаншама адам мал шаруашылығымен айналысқаннан кейін малдың бәріне су керек. Қыстыгүні малды осы көлден суаруға болады дамба арқылы. Пайдасы бар негізі халық үшін.

Бұл көктемде түсірілген бейнежазба. Бөгет биылғы суды қажетінше ұстай алмады. Екі аптаға созылған тасқын кезінде қар суы далаға ағып кетті. Себебі су жинауға арналған шұңқырда ақау бар.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

 Бөгеттің құрылысы талапқа сай еместігі сырт көзге анық байқалады. Бетонды блоктар аласа болғандықтан технология бойынша екі метр болуы тиіс, ал мұнда бір метр жиырма сантиметр судың қысымына төтеп бере алмай, әр жерден тесіліп жатыр. Сол себепті мына тесіктен сорғалаған су көңілге үрей тудырады. 

Жаңа бөгеттің тереңдігі бір метрге жетпейтіндіктен су әр жерде шалшық боп қалған. Күннен-күнге бетонды блоктардың астымен із тауып ағып жатыр. Қалғаны күзге дейін тартылып қалуы әбден мүмкін, - дейді тұрғындар. Демек мал суаратын да су қалмайды-дейді тұрғындар.  

Ербол Бекбосын, қоғам белсендісі:

 –  Бір ай ғана өтті су тасып кеткеніне көп жерлер ашық қалған. Су мынау табанда жоқ. Орталардың барлығында өте сапасыз. Көп нәрселер көрініп тұр көзге. Осындай мөлшерде суды алып қою үшін 194 млн теңгені  тиімсіз пайдаланған деп есептеймін. Көгалдандыру болған дейді жоба бойынша ол да жоқ. Тегістеу жұмыстары. Барлығы әр жерде шашылып жатыр. Негізі оның барлығы олай болмауы керек. Бөгет деген салынғанннан кейін дұрыстап салынуы керек.

Тапсырыс беруші Жангелдин аудандық әкімдігі болса, бөгет құрылысы жобаға сәйкес жүргізілгенін айтады. Алайда олар 2022 жылғы су тасқыны мұндай мол көлемде боларын ескермеген сыңайлы.           

Айдаралы Талпақов, Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары

–  Ақаулар анықталса, біз енді хат жазамыз. Кетіп қалған жерін орнына қойып бересіңдер деген сияқты. Су кетіп қалып жатса біз онда ертең бе, сіздерден кейін эфирге шыққасын хат жазамыз оларға. Келіңдер де, істеңдер дейміз.

Айта кету керек, Торғай өңірінде сапасыз салынған бұл екінші бөгет. Бұған дейін Ахмет Байтұрсынұлы ауылында 20 млн-ға тұрғызылған нысан бұзылған. Енді мердігерлер кепілдік мерзіміне сәйкес қосымша қаражат шығарып қос бөгетті жөндеуі міндет.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

 

Хабар 24 телеарнасы