Ақтауда зағип жандар кәсіпті тегін үйреніп жүр

Ақтау тұрғыны Елена Толстова 15 жыл бұрын көз жанарынан айырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылыс саласында жобалаушы қызметін одан әрі жалғастыруға мүмкіндігі болмапты. Қазір мүгедек адамдарға арналған әлеуметтік көмек алып отыр. Енді өз бетімен табыс алатынына сенеді. Массаж курсында үздік қатысушының бірі атанғанына қуанышты.

Елена Толстова, қала тұрғыны:

- Бұл курс туралы зағиптар қоғамында жүріп естідім. Жұмыспен қамту орталығына барып, тиісті құжат тапсырдым. Қазір емдік-уқалау тәсілдерін біраз меңгеріп алдым. Келешек массаж салонын ашуды армандаймын.

Қытайдан арнайы шақыртылған тәлімгер жаңа шәкірттеріне риза. Оның айтуынша, соңғы 3 жыл зағип жандармен жұмыс істеп келеді. Курсқа қатысушыларға емдік уқалау тәсілдерін үйретеді. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі адамдар ұстазының айтуына қарай адам ағзасын сылаудың қыр-сырын меңгеріп жатыр.

Әсия Болат, тәлімгер:

- Зағип жандарға ол жақтан бар білгенімді үйреткім келеді. Себебі, көзі көрмейтін адамдардың түйсігі, ішкі көру қабілеті мықты болады. Есте сақтау қабілеттері зор болады. Толық дене массажы, жартылай дене массажы, аяқ массажы бар. Бұл кісілер енді бастап жатқасын басындағы 3 түрлі массажды көрсеттім. 

Іскер әйел Құралай Байғалиева сауапты іспен 5 жылдай уақыт айналысып келеді. 2017 жылы сұлулық салонын ашып, есту және сөйлеу қабілетінен айрылған бірнеше адамға шаштараз кәсібін меңгеруге көмектескен. Барлығын қызметке де алған. Енді массаж орталығын құрып, осы жандармен бірге жұмыс істемекші. 

Құралай Байғалиева, ұйымдастырушы:

- Былтыр Алматыда зағип жанға барып, массаж алдым. Қызметі ұнап, Ақтауда неге осындай азаматтарға қол ұшын созбасқа деп ойландым. Сұраныс жоғары қызмет әрі кәсіп. Бұл курсты бітірген соң барлығына бірдей жұмыс орнын ұсынамыз.

 Курс соңында қатысушылар емтихан тапсырады. Сертификат алған соң 5 ай массаж орталығында жұмыс істеуі тиіс. Осы аралықта жалақы мен өзге де әлеуметтік төлемдер төленеді. Кейін мемлекеттік бағдарламаға қатысуына да көмек беріледі. Күн сайын зағип жандар сабаққа инватаксимен келіп, кетіп жүр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев