Берел қорымына жеткізетін жол жылда жөндеусіз қалады

Шығыс Қазақстан облысында Қатон-Қарағайдан Берел қорымына жеткізетін ең төте жол шұрық-тесік. Бұл трассаның ұзындығы бар болғаны 12 шақырым. Жергілікті жұрттың айтуынша, Берелге апаратын республикалық жол сайрап жатқанымен Бұқтырманың оң жағалауындағы осы қысқа бағыт жыл сайын ұмытылып кетеді. Аталған жол екі бірдей ауылдық округті аудан орталығымен байланыстырып тұрған маңызды бағыт. Биыл тұрғындардың тілегі орындала ма? 

Қатон-Қарағай ауданындағы Берел қорымы бүкіл елдің мақтанышы. Туристерді тартатын тарихи мекен. Қатон-Қарағайда бұл жерге республикалық маңызды трасса арқылы қиналмай жетесіз. Алайда айналма жолды біршама қысқартатын төте жол да бар. Бірақ отыз жыл бойы бұл қатынас ұмыт қалып​ келеді дейді осы жақтың тумасы Дархан Имашбай. Айтуынша, жол жөнделсе туристер легі артып, ауылға жастар жиналар еді.

Дархан Имашбай, Аққайнар ауылының тұрғыны:

- Туристер​ жаздың күні келмейді емес, келіп жатады, өткен жылдың өзінде ғана ауыл әкімдігінің мәліметі бойынша 2 мыңнан аса адам келген, мына жол істелсе сөзсіз ауылға қарай аттың басын бұрғалы жатқан жастар да бар. Өткен жылдың өзінде біздің ауылға алты жас семья көшіп келді. 

Жол Аққайнар және Жамбыл ауылдық округіндегі 9 ауылға апарады. 3 демалыс орыны сонымен қатар пантымен және ара терапиясымен емдеу орталықтары бар. Төте жолдың маңыздылығы да осында. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Тоғыз ауылға апаратын бұл жолды жергілікті әкімдік өз күшімен күтіп қарап келеді. Алайда күн райы да мүмкіндік бермей жатыр, мінеки кешегі жауып өткен нөсер жолды осылай опырып кеткен.

Яғни жыл сайын жай ғана бетін жөндеп тегістеп өту деген сөз, еңбек еш кетті, ақша далаға кетті дегенмен бірдей. 

Серікқан Құрманов, Аққайнар ауылдық округінің әкімі:

- Тек қана қиыршық тастар ғана қалып отыр, оны тегістеу ары кетсе бір екі аптадан соң бұрынғы қалпына келеді жыл көлемінде 3,5 миллион теңге​ қарастырылып бөлінеді.

Аудан әкімдігі ауыл жұртының арызы орынды дейді. Сондықтан биыл бұл қатынасты толық жөндеп, қолданысқа береміз деп сендірді. 

Ділдар Қалиқан, Қатон-Қарағай ауданының әкімі:

- Сол жерге 12 шақырым жаңа асфальт төселеді, сонымен қоса Берел қорымына он шақырым Берел ауылынан биылғы жылы толықтай асфальт төселіп жаңа жол болатын болады. 

Қазір облыста ауыл-аймақ арасындағы жолды қамтыған 114 жоба жүріп жатыр. Бұған 19 миллиард теңгеге жуық қаражат​ бөлінген. 

Нұрбек Тұраров, ШҚО Жолаушылар көлігі автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Көлік қарқыны көп жолдарды айтсақ Өскемен Тарғын, Самар жолы, Дмитриевка Бородулиха Шемонайха жолы одан кейін туристік бағыттағы Барлық Арасан-Алакөл көліне апаратын жолын жөндейміз. Шар-Әуезов жолы да жөнделеді.

Осылайша биыл аймақта жалпы ұзақтығы 233 шақырым жол жөнделмек.

Эльмира​ Ахметова, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин