БҚО-да Қазталов-Жәнібек шекарасы автожолының жыры бітпей қойды

Батыс Қазақстан облысының аумағындағы республикалық маңызға ие Қазталов-Жәнібек шекарасы автожолының жыры бітпей қойды. Енді аудан тұрғындары Жәнібек ауылы мен Ресей Федерациясы шекарасын жалғайтын жол құрылысының уақытылы жүргізілмей жатқанына наразы. Негізі бұл аралықта құрылыс жұмыстары былтыр сәуірде басталған. Алайда биыл жаз ортасы болса да мердігер тарапынан ештеңе жасалмапты.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Жәнібек ауылы мен РФ шекарасы аралығындағы жолда жүрміз. Жөнделетін жолдың жалпы ұзындығы небәрі 7 шақырым екен. Бірақ еш жұмыс басталмаған. Ал техника атаулы өздеріңіз көріп тұрғаныңыздай атымен жоқ! 

Телеарна тілішілерін көріп, тізгінді тежеген Тайыр Шүленбаев Жәнібек ауылының тұрғыны екен.

"Жұмыс бабымен, тірлік қамымен көрші Ресейге жиі қатынаймын. Бірақ Жәнібектен шекараға жеткізетін жол өте нашар. Ал Ресей бағытына шықсақ жол татқайдай тегіс", - деп ашынады тұрғын. 

Тайыр Шүленбаев, Жәнібек ауылының тұрғыны:

- Россия шекарамен екі арада тұрғанымен, Ресей жолы жақсы болғанымен біздің жолымыз ұқсамай жүр ғой. Осы жолды бір қарап жіберсе деген өтініш осы халықтың тілейтініміз. Осы жаңбыр уақытында осы арада жатып, батып сүйретіліп жүретін уақыттар болды. Кеше жақсы жаңбырларда тұрдық осы арада. Жеті шақырым жол болғанымен 7 сағат жүретін уақыт болады осы жерге. 

Жыры бітпей қойған жолға аудан басшылары мен партиялық бақылау комиссиясының өкілдері жиі шығады. Бірақ олардың құзырында республикалық маңыздағы жол құрылысына әсер ететін тетік жоқ. Бар қолдан келері тиісті мекеменің филиалына үшбу хат жолдау ғана.  

Біржан Қуанәлиев, Amanat партиясы Жәнібек аудандық филиалының атқарушы хатшысы: 

- Өткенде өңір басшысы келіп айтқанда аудан әкімінің есебіне келгенде айтты бір-екі жұманың ішінде жұмыс басталмаса осындай шаралар қолданамыз деп. Сол кезде Қазавтожолдың облыстық филиалының басшысы сол кісі үлкен маңыз бөлеміз, жұмыс басталуына көңіл бөлеміз деп. Бірақ 1 ай уақыт өтті, жол осы күйде әлі тұр, әлі ештеңе жасалған жоқ. Ұтып алған мердігерден «Бекет сәт жолдың» басшыларынан сұрайтынымыз халықтың атынан тезірек жұмыстарын бастап аяқтап беруді ұяты болса сұраймыз. 

Бұл мәселеге қатысты «Қазавтожол» басшылары былай дейді: 

Қазбек Мәмбетов, "Қазавтожол" ҰҚ АҚ БҚО филиалының директоры:

- Қазталов-Жәнібек-РФ учаскесіндегі 158-165 шақырымда жұмыс істеп жатқан комапния «Бекет Сәт жол», атыраулық компания. Биыл жұмысты бастап кетуі керек еді. Бірақ бір себептерге байланысты техникасы жеткізе алмай жатыр, материалдарды дайындау қарқыны шамалы болып жатыр. Бірақ та мердігердің айтуынша, осы 2 жұма арасында жұмысты бастап кету ой бар. Бірақ та сол айтқан міндеттерін орындамайтын болса келісім-шартты бұзу бойынша сұрақ көтерілетін болады.

«Қазталов-Жәнібек-РФ» және «Өнеге-Бисен-Сайхын» бағытындағы 245 шақырым болатын автожол құрылысын 4 компания  жүргізіп жатыр. Рас, бұл аралықтағы құрылыс қарқыны жаман емес. Материал жеткізуге қатысты мәселелер шешімін тапқан. Қазталовтан әрі қарай 53-шақырымға дейінгі жол биыл күзге қарай Ащысайға жетпек. Бұл ауыл халқы үшін зор қуаныш. Әрине сапа мәселесін бақылау басты орында.

Зауырбек Қыпшақбаев, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" БҚО филиалының директоры:

- Қазіргі таңда бізді алаңдатып отырған мына битум мәселесі. Осы күнге дейін 27 сынама алсақ, оның ішінде 17-сі сәйкес келген жоқ. Осы мәселе бойынша біз министрлікке дейін көтерудеміз. Ең басты осы асфальтбетон қосапасына қолданатын ең бірінші компоннеттердің бірі болған соң да  ең үлкен рөл ойнайды. Болашақта осы битум  сапасыздығынан жолда түрлі ақаулықтар пайда бола бастайды.

Жыл басынан бері осы жобалар аясында 35 шақырымдай жол жөнделген. Жолдың 53 және 95-шақырымындағы құрылысты жүргізген мердігермен былтыр келісімшарт бұзылған еді.  Осы арадағы 42 шақырым жолды салуы тиіс жаңа мердігер әзірге анықталған жоқ. 

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов