Автогаз бекетінен қауіп бар ма – Павлодар

Павлодар тұрғындары үй мен бизнес нысандарына жақын орналасқан автогаз станцияларын көшіруді сұрайды. Жұрт өмірімізге қауіп төніп тұр деп қорқады. Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің аймақтағы мамандары тексеріс жүргізіп, бірқатар олқылық анықтапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірдегі ірі газжелілік компаниясындағы тексеріс екі ай бұрын жүргізілген.

Эдуард Гензингер, жүргізуші:

– Менің ойымша нормалар бұзылған. Станция бензин құю бекетіне жақын орналасқан. Жақын маңда мейрамхана да бар. Газ, бензин құйылады. Барлығы қарбаласып жатыр. Қауіпсіз емес бұл орын.

Омбы – Павлодар тас жолының бойындағы автогаз құю станциясы мейрамханаға жақын орналасқан. Бұл мәселені көтерген бастамашыл топ өкілдерінің айтуынша, шұғыл шара қолдану керек. Себебі кез келген уақытта от тұтануы мүмкін. Осындай бекет облыс орталығындағы Торговая көшесінде де бар. 

Ербол Қалымжан, заңгер:

– Торговая көшесінде орналасқан «Blue Star PV» ЖШС-нің станциясы нормативке сәйкес емес. Себебі ғимараттар арасындағы аралық небары 40 метр. Ал техникалық регламент бойынша 300 метрдік қашықтықты сақтау қажет.

Кәсіпорын басшылығы бәрі заңды деп отыр. Қолдарында автогазстанциясын салу жөніндегі құжат бар. Айтуларынша, мейрамхана тұрғын үй нысаны емес. Сондықтан шағым негізсіз деген уәж айтады. 

Гүлбақыт Бижанова, «Blue Star PV» ЖШС өкілі:

– Қала әкімінің қаулысына сәйкес кәсіпорынға автогаз құю станциясын салуға жер учаскесі берілді. Жерді мақсатты түрде пайдаландық. Бекеттің жұмысы қаулыға сәйкес жүргізіліп жатыр.

Бұл іске аймақтағы салалық мекеменің мамандары араласты. Мемлекеттік орган бірқатар олқылықты  анықтады. Оның ішінде, өнеркәсіптік декларация талаптары бұзылған.

Вячеслав Каменский, ҚР ТЖМ ӨҚК Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Заңбұзушылықтар расталды. Нәтижесінде анықталған олқылықтардың орнын толтыру жөнінде ескерту жасалып, 18 тамызға дейін уақыт берілді. Сонымен қатар газ құю станциясының жетекшілігі әкімшілік жауапкершілікке тартылды

 «Blue Star PV» ЖШС өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын 2016 жылы алғаш рет тапсырған. Бірнеше жыл ішінде компания сатылатын газ көлемін ұлғайтқан. Сондай-ақ әлеуметтік газға қол жеткізген.

Руслан Садықов, «Blue Star PV»  ЖШС-нің директоры:

– Біздің кәсіпорын аккредитация бойынша әлеуметтік газ алуға құқылы. 2022 жылдың қаңтарынан бастап, бұл шешім салалық министрлік тарапынан күшін жойды.

Қалада газ құю бекеттерінің азаматтық ғимараттарға жақын орналасу фактісі баршылық. Мәселен, Орталық мешін жанындағы станцияның жұмысына да тұрғындар қарсы болды. Жанар жағармай құюды тоқтатқанмен, көгілдір отын әлі күнге дейін сатылып жатыр.

Автолары: Ақмарал Есімханова және Самат Оспанов