Бөтеннің көлігін алаяқтық жолмен иемденген азамат ұсталды

Шымкенттік полицейлер ірі көлемде алаяқтық жасаған күдіктіні Нұр-Сұлтанда ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласы Абай АПБ-ға арызданып келген жергілікті тұрғын өзіне тиесілі Neoplan автокөлігін сатуға қойғанын және оны алаяқтық жолмен белгісіз азамат иемденіп кеткенін көрсетті. Нақтырақ айтқанда, жәбірленушімен телефон арқылы байланысқан күдікті оның сеніміне кіре отырып, құны 5 млн теңге тұратын автобусын иемденіп, ақшасын кейін беретінін айтып сендірген. Сондай-ақ ол қылмыстық іс-әрекетін әрі қарай жалғастырып, одан бөлек тағы 1,5 млн теңге қаражатын жымқырып, ізін суытқан.

«Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе сенімді теріс пайдалану) бойынша тіркеуге алды. Алаяқ Нұр-Сұлтан қаласында құрықталды. Қазіргі таңда СДТБТ амалдары аяқталып, күдікті тиісті жауапкершілкке тартылды. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын толығымен өндірілді», – делінген мәліметте.