Қызылорда облысында кене шаққан төрт адам көз жұмды

Өңірде конго-қырым геморрагиялық безгегінен қаза болғандардың саны 4 адамға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар маусым, шілде айларында ауруханаға түскен. Қайтыс болғандардың екеуі Жалағаш ауданының тұрғыны болса, қалғандары Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданынан. Өкінішке қарай қатерлі індеттен көз жұмғандардың бірі 17 жастағы жасөспірім. Ол егін даласынан үйіне оралғаннан кейін өзін жайсыз сезіне бастаған. Бірақ дәрігерге қаралмай үйінде бірнеше күн ем алған. Ауруханаға жеткізілгеннен кейін 6 сағаттан соң жан тапсырған.

Айта кетейік, облыс бойынша жыл басынан бері конго-қырым геморрагиялық қызбасының 31 күдікті жағдайы тіркелді. Оның он төрті эпидемиологиялық, клиникалық және зертханалық жолмен нақтыланды. Биыл кене шағу фактілері былтырғы жылмен салыстырғанда үш есеге артқан. Сонымен қатар кенелердің арасында ауру қоздырғышының анықталуы да өткен жылдан жоғары. Былтыр облыс бойынша 113 елді мекен қолайсыз аймақ қатарына қосылған болса, биыл олардың саны 116-ға артқан.

Жангелді Шайымбетов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазіргі таңда ауруханада бір науқас емделіп жатыр. Сонымен қатар бізде болжамды қоямыз. Кешеден бері 2 болжамды жағдай түсті. Бірақ олар лабораториялық анализдерінің нәтижесі шыққаннан кейін біз теріс немесе оң екенін ажырата аламыз. Қазіргі таңда нақтыланған жағдайлар бойынша бізде бір науқас жатыр, жағдайы қанағаттанарлық. Қызылорда қаласында.

Әлия Әбдіқайымова, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Кене шағу бола тұрып, табиғатта кенемен байланыста болуы ықтимал жағдайлар бола тұрып, клиникалық белгілерінде температурасы жоғары бола тұра кенеге конго-қырым геморрагиялық қызбасына тән клиникалық белгілер болып, үй жағдайында емделіп жатып қалған фактілердің нәтижесінде өлім-жетіммен аяқталып отыр.