Ақылы автотұрақ жобасынан келер кедергі көп – кәсіпкерлер

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ақылы автотұрақтарды көбейту туралы жобасы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіруде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сауда үйлері мен орталықтарын жалға алушылардың «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдаған шағымы осындай. Мәселен, елордада ірі дүкендердің алдында көлік қоятын тегін орын қалмады. «Бұл темір тұлпар мінген тұтынушылардың санын едәуір азайтады», – дейді арызданушылар. Осы мәселе бойынша өткен жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департамент мамандары, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік жекешелік серіктестігі орталығының қызметкерлері қатысты.

Айта кеткен жөн, 2021 жылдың қараша айында қалалық әкімдіктің қаулысынан кейін елордадағы ақылы автотұрақ алаңының саны 24-тен 536-ға дейін өсті. Ресми статистика осындай

Қайрат Кәкенов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі:

Біздің ұсынысымыз мынадай. Қалалық әкімдік елордадағы ақылы автотұрақ тізімін қайта қарап шығуы керек. Ірі сауда орталықтарына жақын орналасқан алаңдарды кәсіпкерлерге ұзақ мерзімге жалға бергені дұрыс деп ойлаймыз. Бірінші кезекте бизнес дамиды. Екіншіден, кәсіп иелері өз қаражатына сол алаңқайларды күтіп ұстауға мүдделі болады.