Алматы селден қорғалған ба?

Іле Алатауының баурайында салынып жатқан «Аюсай» деп аталатын селден қорғайтын бөгет құрылысы аяқталуға таяу. Нысанның құрылысы Үлкен Алматы өзенінің шатқалында жүріп жатыр. Алдын ала болжам бойынша сел болған жағдайда бөгет 11 мыңнан астам адам мен 2 мыңға тарта ғимаратты табиғи апаттан қорғайды.

Тікұшақтан қарағанда Аюсай бөгеті осылай көрінеді. Бөгет Үлкен Алматы шатқалын екі бөлікке бөледі. Бұл жер қауіпті саналады. Бұрын мұнда қатты сел жүрген. Уақыт өте мегаполис үлкейе түсті. Қазір де құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Оның үстіне демалуға жұрт көп келеді. Бөгеттің салынуына тағы бір себеп табиғи фактор. Іле Алатауының жоғарғы жағында 19 мореналық көл бар. Оның 4-нің жағдайы мамандарды алаңдатып отыр. Оның бірі  №13 бис көлі Үлкен Алматыға құятын Құмбел өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Гляциологтардың айтуынша, морена-мұздық кешені үнемі өзгеріп отырады. Бірде пайда болып, бірде жоғалып кетеді. Жақында осындай 8 көл табылды. Сонымен қатар нөсер жаңбыр да сел қаупін төндіруі мүмкін.

Мұрат Қасенов, "Қазселденқорғау" ММ басшысының орынбасары:

- Климаттың жылынуы мұздықтарға әсер етеді. Содан жаңа көлдер пайда болып жатады. Мәселен, бұған дейін Ұзын-Қарғалы, Қаскелең, Түрген өзені бассейндерінде жаңа көлдердің анықталғанын айтқан болатынбыз. 

Аюсай бөгетімен қорғалатын аумақ Іле Алатауы ұлттық паркіне қарайды. Мұнда Алматы су электр станциясының нысандары, ғимараттар, тұрғын үйлер, демалыс орындары, қонақүйлер мен мейрамханалар орналасқан. 

Әділет Ақатаев, "Қазселденқорғау" ММ басшысының орынбасары:

- Нысанның жалпы құны 10,5 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 6,1 млрд теңгесі игерілді. 65 пайызға жұмыстар атқарылды. Жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Аюсай бөгетінің жобасын «ҚазГидро» институты жасаған. Құрылысының жүріп жатқанына 2 жылға жуықтады. Бөгеттің биіктігі 41 метр. Нысан көлемі 2,3 миллион текше метр болатын алапат селді бөгей алады. 

Қарлығаш Қайыпбекова Григорий Беденко, Кенже Амраев