Балабақшаны лицензиялау жемқорлықты көбейтеді – Кәсіпкерлер

Жеке балабақшаларды лицензиядан өткізу саланың серпілісіне кері әсер етіп, жемқорлықты өрістетеді. Кәсіпкерлер осылай деп дабыл қағуда. Айтуларынша, жаңа талаптардан кейін бөбекжай салу сиреп кетеді. Ал сала мамандары мұны жоққа шығарып отыр. Орталықтарды ұдайы бақылауда ұстаудың жалғыз жолы осы, дейді олар.

Ашығын айту керек, балабақшада бүлдіршіндерді ұрып соғу деректері жиілеп кетті. Кей орталықтардағы қатаң тәртіп, қоғамды дүрліктіріп отыр. Баласын бауырына басқан ата-ана кімге сенерін білмейді. Осыған дейін талай арыз-шағым да болыпты. Алайда жауаптылардың тексеруге құзыреті болмаған. Дәл осы факторлар 10 жыл бұрынғы мектепке дейінгі мекемелерді лицензиялау ережесіне қайта оралуға әкеп соқты. Енді елдегі барлық балабақшалар міндетті талаптарды орындауы керек. Алайда бұған жекеменшік балабақшалардың иелері қарсы. Қойылған талап тым қатаң дейді олар.

Бану Әлкенова, «Зерде» балабақшасының меңгерушісі:

- Лицензиясыз да бізді тексеріп жатқан құзыретті органдар бар. Жан-жақтан келіп тексеріс болады. Енді жетпегені қысым болды, сонда жабылмағалы не қалды? 121-бұйрық бойынша қаңтарда шыққан мен ойлаймын бір де бір балабақша лицензияны ала алмайды. Жеке меншік түгілі мемлекеттік балабақшалар ала алмайды.

Ал жауаптылардың пікірінше, жаңа талаптар мен бұрынғы ережелердің арасында үлкен айырмашылық жоқ. Түптің түбінде елдегі әр баланың қауіпсіздігіне сенімді болуымыз қажет. Жаңа ережеде педагогтардың біліктілігі, балалардың қауіпсіздігі, тамақ сапасы туралы айтылған. Медициналық жағдайды жасау, өртке қарсы және санитарлық нормаларды қамтамасыз ету мәселесі де бар. Бұл сапаның артуына сеп болмақ.

Гүлзат Көбенова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің комитет төрайымы:

- Қалай сонда? Өздеріңіз ойлап көріңіздер балабақшада тиісті педагогтар болмаса, тәрбиешілер болмаса, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жағдай болмаса, онда қалай жұмыс істейді? Осыған дейін 10 жылға қарайтын болсақ, мақсат басқа болды, хабарландыру арқылы жұмыс жасады. Бірақ кейбір кәсіпкерлер хабарламай жұмыс істеді.

Қазақстанда 11 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым бар, оның жартысына жуығы жекенің меншігінде. Әр бөбекжайда лицензиядан өтуге екі мүмкіндік болады. Жаңа реформалар арқылы жағдайды ұдайы бақылауда ұстаймыз дейді сала мамандары. Ал іс жүзінде елдегі бөбекжайдың басым бөлігі жарамсыз болып қалса не істейміз? Онсыз да балабақша таппай сеңделіп жүргендердің қарасы қалың екені жасырын емес. Министрлік өкілі мұндай мәселе туындамайды деп сендірді.

Айта кету керек, жаңа реформа әлі де талқылануда. Жұмысшы топ әр тараптың пікірін тыңдауға дайын.

Бекзат Аманов, Сабина Балашкина, Артур Горшняков