Сенатор Қанатбек Сафинов медиаторлар мәселесін талқылады

Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Қанатбек Сафинов кәсіби медиаторлармен кездесіп, медиация саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселесін талқыға салды.

Жүздесуге қатысушылар медиаторлардың кәсіби қызмет барысында тап болатын проблемаларды сарапқа салды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Депутат кездесу барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды іске асыру жөніндегі 2022 жылға арналған іс-шаралар жоспарын орындау қорытындысы бойынша ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ағымдағы жылдың соңында Медиаторлардың бірінші форумын өткізу ұсынылғанын атап өтті.

Сенатордың пікірінше, бұл форум медиация институтының қалыптасуы мен дамуына қосымша серпін береді.

Қанатбек Сафинов кездесуді қорытындылай келіп, медиаторлардың көтерілген ұсыныстары медиация саласындағы келесі заң жобасын қарау барысында пысықталатынын атап өтті.