Еңбек дауы: отандастарымыз бен шетелдіктердің жалақысы тең болуы тиіс

Елімізде еңбек дауы тыйылмай тұр. Әсіресе мұнай-газ саласында жағдай күрделі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты қызметкерлер құқығын шектеп, жалақыға жарытпаған 228 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында айтылды. 64 кәсіпорынға жүргізілген тексеріс кезінде 180 – еңбекақыдағы кемсітушілік, 225 – шетелдіктердің рұқсаттан артық жұмыс істеуі және 214 – кадрлар арасындағы тепе-теңдікті сақтамау деректері анықталған. Сондай-ақ жиында жалақы және әлеуметтік төлем мәселесі де қаралды. Биыл жыл басынан бері 11 мыңнан астам жұмысшының 3 млрд теңге берешек-жалақысы төленіп, 1 млн-нан астам қызметкердің жалақысы 5%-тен 50%-ке дейін көтерілді. Одан бөлек, жыл басынан бері кәсіпорындарда 567 адам жарақат алғаны белгілі болды. Еңбек мәселесін шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға бірқатар нақты тапсырма берілді. Оның ішінде отандық және шетелдік қызметкерлердің жалақысындағы теңдікті қамтамасыз ету, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті азайту, азаматтардың табысын көтеру мәселелері бар.