Тұрғындар 100% ауыз сумен және табиғи газбен қамтылады – Нұржан Нұржігітов

2025 жылға қарай Жамбыл облысының тұрғындары 100% ауыз сумен және табиғи газбен қамтылмақ. Бұл туралы өңір басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

62 ауылға су құбыры тартылып, 40 ауылдың сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылады. Сонымен қатар 31 ауылда суды тазартудың кешенді блок-модульдері орнатылады. Облыстың даму жоспарлары туралы өңір басшысы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте айтып берді. Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов облыстың алты айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындылады.

Облыста 2025 жылға дейін 83 мың жұмыс орны құрылады. Ал шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 85 мыңға дейін өседі. Облыс әкімімен өткен брифингте жайылымдық жердің жетіспеушілігі де айтылды. Сондай-ақ ағынды суларды тазарту, жол жөндеу мәселелері де көтерілді.

Нұржан Нұржігітов, облыс әкімі:

– Бүгінгі күні облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ті құрап отырса, елді мекен көшелерінің үлесі 82% деңгейінде. Осы көрсеткіштерді жақсарту мақсатында Даму жоспарының аясында 6 млрд теңгеге 18 жол құрылысы, қайта жаңғырту жұмыстары, 27,2 млрд теңгеге 104 облыстық, аудандық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жүргізіліп, жақсы, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 99,5%-ке жеткізуді көздеп отырмыз.

Екі жарым сағатқа созылған брифингте бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өңір басшысына түрлі бағыт бойынша 40-қа жуық сұрақ қойып, толық жауап алды. Еліміздегі қант мәселесіне қатысты сауалдар да жолданды.

Мерей Бает, «Atameken Business» телеарнасының жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі:

– Біз енді бір-бір келілеп сатып, өзіміздің облысты қамтуымыз мүмкін. Басқа региондар да бізге ауыз ашып қарап отыр ғой. Ол мәселе қалай шешімін табады?

Нұржан Нұржігітов, облыс әкімі:

Біз бөлек облыс емеспіз. Өндірілген қант барлық облыстарға жеткізіледі. Бүгінгі күні осы ақпан айынан бастап Тараз қаласындағы қант зауыты 500 тонна күнделікті шығарып отыр. Қазір 700 тонна шығарып отыр күнделікті.

Жамбыл облысында 2025 жылға дейін мыңнан астам жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 104%  құрады, ал 6 ай ішінде өңірге тартылған инвестиция көлемі жүз бес миллиард теңгеден асады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатилла