Елімізде коронавирустан жазылған балалар жан-жақты медициналық тексеруден өтеді

Шымкентке жұмыс сапарымен барған Денсаулық сақтау министрі осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Ажар Ғиният қалалық перзентханада болып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Перинаталдық орталықта жыл басынан бері 6 мыңдай сәби дүниеге келген. Ведомство басшысы жалақыны көтеру үшін тиісті жұмыстардың жасалып жатқандығын айтып, ақ халаттыларды қуантты. Әкімдікке перзентхананың материалдық-техникалық базасын жақсартуға ұсыныс берілгенін де жеткізді.

Сондай-ақ Сovid-тен сауыққан балаларды неғұрлым ертерек тексеруден өткізуге кеңес берді. «Бұл індет аса қатерлі, оған қайта шалдықпауы үшін алдын-ала қаратқан дұрыс» - деді министр.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Жаңа бұйрықпен қалалық және ауылдық жерлердегі медицина саласының қызметкерлері танысып шықты. Қазір қол қусырып отыруға болмайды. Індет әлі басылған жоқ. Сырқатқа шалдыққан ересектер мен балаларды мүмкіндігінше алғашқы кезеңінде анықтап, диспансерге жедел жеткізіп емдеу қажет.