Ақтөбеде көктемгі топан суға дайындық басталды

«Қыс шанаңды жаз сайла». Ақтөбеде көктемгі топан суға дайындықты осы бастан қолға алыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс орталығын соңғы бес жылда екі рет су басқан еді. 2017 жылы тіпті төтенше жағдай жариялауға тура келген. Биылдың өзінде 142 баспанаға су кірді. Зардап шеккен отбасыларға бюджеттен және түрлі қайырымдылық қор есебінен қаржы бөлінді. Сондықтан өңірде қазір су арналары тазартылып, суағарлар салынып жатыр. Оралбай Елубайұлы іргетасы шөгіп, қабырғасына сызат түскен баспанасын әр жерден тіреумен бекітіп қоюға мәжбүр. Қарияның үйі 2017 жылғы көктемгі су тасқынында жарамсыз боп қалған. Ол кезде табиғи апаттан 600-ге жуық отбасы зардап шеккен еді. Билік өзен бойына қоныстанған жандарға өзге ауданнан жер телімін беріп, қауіпті аумақтан көшірген еді. Алайда Оралбай ақсақалдың жаңа баспана тұрғызуға қауқары жоқ.

Оралбай Елубайұлы, қала тұрғыны:

Өзім де салып алам күшім болатын болса. Менің жалғыз балам қайтыс болды. Әйелім өмірлік инвалид. Мен, сірә, болған адаммын. Мына жұмыссыздықтан ақша алып отырған адамдар бар ғой. Бір 3-4 адам не екі бөлмені он күнде бітіріп береді ғой. Мен дым да сұрамаймын. Газды, суды бәрі барып тұр. Өзім кіргізіп алармын азаматтарға айтып.

Қауіпті баспанада баз кешіп келе жатқан қария билік өкілдеріне бірнеше рет назын айтқан. Бірақ шенеуніктер бюджет есебінен жаңа үй тұрғызуға да, күрделі жөндеу жасауға да негіз жоқ дейді.

Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі:

– Екі мердігеріміз демеушілік көрсетіп, көмек береміз деп уәдесін берді. Күрделі жөндеуге. Бюджеттен қаржы бөлуге негіз жоқ.

Биыл да көктемгі су тасқыны тұрғындарды біраз әбігерге салды. Шаһардағы 53 тұрғындар алқабының 20-на қауіп төнген. 142 үй суға кетті. Сондықтан қала билігі еріген қар суын өзен арнасына бағыттайтын суағар салуды қолға алған. Бұл мақсатта бюджеттен 330 млн теңге қаржы бөлінді. Арнайы комиссия құрылып, мамандар облыс орталығының айналасындағы жер қыртысын зерделеп, су бағытын анықтады.

Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі:

– Төтенше жағдай департаменті өкілдері комиссия құрылғаннан кейін қосымша тағы 1-2 жобаны бізге ұсыныс келеді. Жаңа өздеріңіз көргендей, Есет батырдың айналма суды алып кететін және Құрышсай елді мекенінде. Осы екі жоба жақын арада бітеді. Соған қосымша тағы да алдағы сессияда қаржы бөліп, жұмыстанатын боламыз.

Бұдан бөлек жеке үй құрылысына бөлінген 70-тен астам жер телімі қала меншігіне қайтарылды. Кәсіпкерлік нысанға тиесілі 5 алқап та бар. Арнайы комиссия бұған дейін үлестірілген жер телімдерінің қар суының арнасында орналасқандығын анықтаған. Ғимарат салынса, топан су тұрғындар алқабына қауіп төндіреді. Қазірдің өзінде мұндай 3 баспана анықталып отыр. Олардың иелерімен келіссөздер жүргізіліп, сүрілетін болды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков