Мемлекеттік қызметке орналасу үшін конкурсқа қатысу міндетті ме

Жоғары оқу орнын бітірген немесе арнайы колледждерді бітірген жас мамандар ауылдық әкімдіктерге немесе аудандық әкімдіктерге конкурссыз кіре алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іріктеусіз өту қағидаты төменгі лауазымдарға қатысты қолданады. Бірақ бұл мүмкіндік тек грантта оқыған студенттерге беріледі. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері агенттігі хабарлады. Осылайша енді ғана оқу бітірген жастарды елді мекендерде жұмыс істеуге ынталандырмақ. Аталмыш өзгерістер бар заң жобасы мәжілістің қарауында жатыр. Төменгі палата құжатты мақұлдаса, талаптар күшіне енеді. Бұдан бөлек мемелкеттік қызметшілердің бағалау жүйесі де өзгерді.

Дархан Жазықбаев, ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы:

– Бұрын екі жыл тиімді бағалаудан өткен мемлекеттік қызметшілер жоғарылайтын болса, қазіргі кезде біз оны 4 тоқсандыққа түсіріп жатырмыз. Яғни тоқсан сайын тиімді бағалау өткізген мемлекеттік қызметші, ол 4 тоқсаннан жақсы көрсеткіш алған меритократия қағидатымен жоғары лауазымға тағайындала алады.

Ал 2 тоқсан бойы тиімсіз деген баға алған мемлекеттік қызметшілерді төменгі лауазымға түсіреді, болмаса жұмыстан шығарады. Талап «Б» корпусына қатысты. Оған әкімдіктерде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер кіреді.