«Жәрдем» медициналық пойызы Ақтөбе облысында

Бұл «Жәрдем» пойызының Ақтөбе облысында аялдаған соңғы стансасы. Өткен үш апта ішінде 12 ауылға барып, өңірдің 7 мыңға жуық тұрғынын қабылдаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәртөк ауылында тұратын Болат Сәденов, аудан орталығына медициналық пойыз келгенін естігенде мүмкіндікті жіберіп алмауды ойлаған. Бүгін ерте тұрып, соңғы кездері мазалай бастаған көзін көрсетуге келді. Себебі елді мекенде жоғары деңгейдегі қызмет түрін алу қиын. Әрі білікті дәрігер де жоқ.  

Болат Сәденов, Мәртөк ауданының тұрғыны:

- Осы көздің мәселесі болып, көзге келіп отырмын. Біздің Мәртөк ауданында көз дәрігері жоқ. Сол себептен, жаңа врчка кіріп, керек нәрселердің бәрін жазып берді. Сол бойынша енді емделеміз. Жақсы бәрі де осылай келіп тұрса екен деп айтамыз.

Тексерілгендер арасында кішкентай балалар да бар. Негізінен ауру белгісі әлдеқашан байқалса да, емханаларға барып тексеріле алмайтын адамдар көрінген.

Жұмабек Алдабергенов, Мәртөк ауданының тұрғыны:

- Мәртөк ауданының емханасында невропотолог жоқ. сосын көз дәрігері жоқ.  Содан кейін жүрек дәрігері жоқ. Негізінен бәрі направлениені Ақтөбеге береді. Осы мәселелерге жан-жақты қарап, көмектессе дейміз.

Ел халқының денсаулығын жақсартуды көздеген дәрігерлер тобы бұған дейін Атырау мен Маңғыстау облысын аралап келді. Құрамындағы жоғары білікті дәрігерлер мыңдаған тұрғынға тегін көмек көрсетіп, алғысын алған. Тіпті, бір стансада 40 баланы сүндетке де отырғызды. Алайда медициналық пойыздың жүруі барысында бірқатар ауыл-аймақта өзекті мәселелер де анықталған. 

Дана Сағынбекова, «Жәрдем» медициналық пойызының аға мейірбикесі:

- Жүрек аурулары, қан қысымы, невропотолог бойынша, ревмотизм, артрит, қант диабеті, және жиі кездесетін үлкендерде, ересектерде тері дерматиті. Бүкіл облыс бойынша  келе жатырмыз. Біздің көзіміздің жеткені барлық тұрғындарға УЗИ специалист жеткіліксіз екен.

«Жәрдем» медициналық пойызы әр стансада екі күн аялдап, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетеді. Ақтөбе өңірінен кейін көрші Батыс Қазақстан облысына барады. Одан кейін Қызылорда және оңтүстік аймақтарды араламақ. Қарашаға дейін пойыздағы дәрігерлер тобы ел тұрғындарын қабылдайды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев