Жол жүру ережесіне енжар қарамау керектігін оқушылар еске салды

Жол жүру ережесіне енжар қарамау керек екенін оқушылар тағы бір мәрте еске салды.

Ақтөбе облысында полицейлердің қоғамдық көмекшілері республикалық маңызы бар жол бойына шығып, жүргізушілерге жадынама таратты. Сақшылар көлік қақтығысы жиі болатын 17 учаскеде қоғамдық қабылдау ұйымдастырған. Сапарға шыққан жүк көліктері мен транзиттік автомобиль жолаушыларына қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, түрлі сұрақтарға жауап берді. Жол бойына киіз үй тігіп, түрлі ас әзірлеген. Бұл жүргізушілерге дер кезінде тынығу керектігін еске салу үшін ұйымдастырылған шара. Себебі кейінгі бір апта ішінде облыста 20-ға жуық жол көлік оқиғасы болып, 5 адам қаза тапты. Полицейлер ұзақ жолда шаршаған жүргізушілердің апатқа жиі ұшырайтынын айтады.

Қайрат Серікбаев, жүргізуші:

- Мен де машина айдап бара жатқанымда ұйықтап қалғам. Машинам күйді, өзіміз аман-сау қалдық. Сөндіре алмадық бірақ. Пожарныйлар келді. Содан кейін мен қазір жолда кішкене болса да шаршасам тоқтаймын, демалам, жуынамын. Керек болып жатса даже ұйықтап аламын.

Ардана Саймағамбетов, облыстық ПД ЖПБ бастығы:

- Бұл нағыз жол-көлік көп болатын жер. Самара-Шымкент тас жолы. Басты себеп жолдың ұзақтығынан, кемпингтер аз болады. Сондықтан қарсы бетке шығып кетеді және де жылдамдықты асырады және де шаршағандық. Мына байқасаңыздар күннің ыстығына байланысты қазір шаршағандықтан жолдан ұшып кетіп жатқан адамдар бар. Сондықтан осындай акция өткізіп жатырмыз.