Қол күрестіремін десең Шардараға бар

Қол күрестірем десең Шардараға бар. Елдегі үздік армрестлинг клубының бірі осы ауданда. Білегі жуан қазақ жігіттерінен үйреніп, бірге жаттығуға мұнда дүниенің түкпір-түкпірінен мықты спортшылар келеді.

Сөйтіп, шағын қала спортшыларының мұқым әлемді мойындатуының сыры неде? Күш қайдан бітті.

Мына шағын ғана залды нағыз чемпиондарды даярлап шығаратын ұстахана дерсіз. Себебі бұл жерден қол күресінен 70-тен астам әлем чемпионы, жүзге жуық Азия мен басқа да ірі-ірі халықаралық турнирлердің жеңімпаздары шыққан. Армрестлинг өңірдегі ең танымал спорт түріне жатады. Әсіресе жастардың қызығушылығы жоғары. Қазір онымен 500-дей қазақ баласы айналысады.

Жасырбек Маманияз, спортшы:

- Бір-екі рет қатысып көріп, кейін қызығып кеттім спортқа. Ағаларымыз сияқты әлем чемпионы болғым келеді. Осы спортта көк туымызды желбіреткім келеді. Қазақстан чемпионы болдым және Азия чемпионы болдым.

Қазір қазақ жігіттерінің шымырлығын бүкіл әлем мойындап, талантына тәнті болды. Жылда Шардараға дүниенің түкпір-түкпірінен әлемдегі ең мықты спортшылар жиналады. Жергілікті чемпиондармен күш сынасып, тәжірибе алмасады. Мәселен, жақында ғана Хорватия мен Оңтүстік Кореяның қол күресшілері келіп, жаттығу жасап қайтыпты. Бапкерлердің айтуынша, жеңістің кілті тәртіп пен жүйелі жаттығуда.

Мағжан Шамиев, қол күрестен әлемнің екі дүркін чемпионы:

- Бізде ең бірінші тәртіп бар. Біздің ұстазымыз арман Қарсыбаев айтады. «Сендердің чемпион болуларыңнан бұрын адам болуларың маңызды» дейді. Сол сияқты ағайымыздың бізге қойып берген тәртібі бар. Біздің клубтың бір артықшылығы ауызбіршілік арқасында осындай үлкен жетістікке жетіп жатыр деп ойлаймын.

Қазір армрестлингтен Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп жүрген жігіттердің барлығы дерлік осы Шардара қол күрес клубының мүшелері. Мәселен, жақында ғана Бухаресте өткен әлем чемпионатында Шардара қол күрес мектебінің шәкірттері Қазақстанның әнұранын 25 рет шырқатты. Осылайша намысты жігіттер жігерімізді жанып, мәртебемізді көтерді.

Жандос Жұмабек, Еролат Әбіш, Қуаныш Әбуов