Ақмола облысында көп балалы отбасылар кәсібін дөңгелетіп отыр

Макинск қаласында жиһаз дайындайтын әке көпшілікке үлгі. Ал Бұланды ауданының тұрғыны, сегіз баланың анасы үйден шағын тігін цехын ашқан. Еңбек адамдары сүйікті кәсібімен айналысып қана қоймай, оны пайда көзіне айналдырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шайдолла Бекзадаұлы бес баланың әкесі. Жастайынан ағаштан түрлі бұйым жасайды. Балалы болғаннан кейін отбасын асырау мақсатында осы ісін табыс көзіне айналдыруды қолға алыпты. Жұмысын шағын цехты жалға алып бастаған Шайдолланың өнімдеріне қазір сұраныс жоғары.

Шайдолла Бекзадаұлы, көпбалалы әке:

– Өзімнің қолымнан келетін болғаннан кейін бірдеңе жасауға, ақырындап үйрендік. Басында бәрін білгеніміз жоқ. Бірінші сол диваннан бастағанбыз. Одан кейін шкафтар. Қазір енді бәрін жасайтын болдық. Көбіне тапсырыспен істейміз. Дайынын да істеп қоямыз уақыт болған кезде.Сұраныс жақсы. Карантиннен кейін азайды, әйтпесе оның алдында жақсы болатын.

Сегіз баланың анасы Марта Қайсар тігіннің қыр-сырын анасынан үйренген. Жиырма жылдан астам уақыт осы іспен айналысып жүрген ол ұлттық ою-өрнек пен түстердің үйлесімін қатаң сақтайды. Қазір өз үйінен шағын цех ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Марта Қайсар, көпбалалы ана:

Бұл жұмыстың машақаты да көп, қызығы да, шыжығы да көп. Осы жұмысты жасап жүріп, баламызды бағы жүріп, осылай күн көріп жатырмыз. Басында хобби ретін бастадым. Содан кейін кәсібіме айналып кетті. Мен мұнда отырмасам, ауырып қалсам да, осында келіп, жұмысымды жасап, жіптерімді орап, сызуымды сызып, тігіп, сосын ішімдегіні шығарып тастаймын.

Өткен жылдың өзінде Бұланды ауданында мүмкіндігі шектеулі 20-ға жуық тұрғын мен көп балалы ана грант алып, кәсібін бастаған. Олар өзінің сүйікті ісімен айналысып қана қоймай, көп үлгі болып жүр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный