Алакөл мен Балқашта қауіпсіздік күшейтілген

Жетісу облысының су айдындарында жыл басынан бері 1 адам суға кетіп, 20 демалушы құтқарылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Туристер жаз басталысымен, әсіресе, Алакөл мен Балқашқа ағылады. Сондықтан көл жағалауында кезекшілік күшейтілген.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Алакөлдегі құтқарушылар таңертеңгі 10-нан кешкі 20:00-ге дейін 4 қайықпен кезекшілік етеді. Сенбі, жексенбі күндері оған бесінші қайық қосылады. Өйткені ол күндері адам көп келеді. Биылғы шомылу маусымы кезінде мұнда бірде бір адам суға кетпеген. Құтқарушылар 6 ересек адам мен 10 баланы құтқарып алыпты.

Марат Смағұлов, Алакөл құтқару бөлімшесінің басшысы:

– Суға батып кеткен ондай тіркелген жоқ осы жігіттердің, құтқарушылардың жұмыстары нәтижесі арқасында. 8 адам кезекшілікке шығады. Қасымыздағы Көктұма ауылында балалар лагері бар. Соның бәрін қамтамасыз етіп отырмыз.

Алакөл құтқару бөлімшесінде 13 адам қызмет етеді. Оның біреуі медбике. Қалғаны құтқарушы. Жазғы шомылу маусымы кезінде Алакөлге адамдар лек-легімен ағылады. Сондықтан Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 3 адам көмекке келген. Олар мұнда 3 ай бойы үздіксіз қызмет етеді.  

Ерлан Мыңбаев, Талдықорған өңірлік құтқару жасағының бас құтқарушысы:

– Алакөл өңіріне біз жазғы маусымда көмек көрсетуге іссапармен барамыз он күннен үш адам. Кішкентай балалардың жоғалуы көп болады жағада. Ата-аналары кішкентай балаларына қарауын сұраймыз. Матраспен алысқа кетіп қалып, жел соққан күндері көлдің ортасына алып кетеді. Осы біздің патрулирование кезінде 3-4 сондай жағдай болды.

Алакөлдің суы дертке дауа, жанға шипа болғанымен демалушылардың көл жағасындағы қызмет сапасына көңілі толыңқырамайды.

Ибагүл Бибекова, демалушы:

Суы жақсы. Өте шипалы су, соған келеміз. Аңсап келеміз. Кейде дұрыс жерлері де болмай қалады. Міне, жар, оның жанында кішкене қоқыс бар. Соның бәрін жинастыру керек. Мына жерде дәретхана деп тұр. Оның қай жерде екенін білмейміз. Осындай жерлерді дамыту керек.

Гүлмира Қалибекқызы, демалушы:

– Бүгін біздің көрші пансионатта өрт болды. Олар келді, кешігіп. 10-15, 20 минут болды ма екен. Мен енді ойладым әр ауылда болса, дұрыс болатын еді Ақшиде, Көктұмада.

Демалушының айтқысы келгені Көктұмада өрт сөндіру бөлімі жоқ. Оқыс оқиға бола қалса, Ақши ауылында орналасқан өрт сөндірушілердің онда жетуі үшін жарты сағаттай уақыт кетеді.

Марат Смағұлов, Алакөл құтқару бөлімшесінің басшысы:

Жете алмады деп айта алмаймын. Уақытында жеттік. Өрт сөндірушілермен өзім бірге бардым. Екі экипажы, 6 адамымен. Енді Көктұмаға мына жолмен айналып барғанның өзі сол уақыт болып тұр.

Көктұмаға жергілікті атқарушы органдардың өрт сөндіру бекеті қойылған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өрт сөндіру бөлімінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленгенін айтты. Қаржы бөлінсе, бөлімше ашылып, жұмыс істей бастайды.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев