Елімізде екі кәсіби мереке ресми түрде бекітілмек

Қазақстан кәсіпкерлері күнін 9 қыркүйекке бекіту ұсынылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қазақстанда 1,6 млн-нан астам шағын және орта бизнес субъектілері бар. Олардың барлығы ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Әсіресе, соңғы екі жыл қиын болды. Пандемия қысқартуға, оңтайландыруға, басқару модельдерін, бизнес форматтарын өзгертуге мәжбүр етті. Осыған байланысты жаңа мерекелік күн – Қазақстан кәсіпкерлері күнін 9 қыркүйекке бекіту ұсынылады. Қазақстан кәсіпкерлері күнін енгізу жүздеген мың қазақстандық үшін шын мәнінде өзекті және маңызды. Сонымен қатар қазіргі уақытта жарнама саласының мамандары танымал. Олар әлеуметтік белсенділік пен кәсіпкерліктің дамуына үлкен үлес қосып жүр. Бүгінде Қазақстанда 2000-ға жуық жарнама ұйымы жұмыс істейді. Оларда шамамен 100 000 маман еңбек етеді. Сондықтан жаңа кәсіби мерекені «Жарнама туралы» Заңның қабылданған күніне орайластыру ұсынылады», – делінген Үкімет қаулысында. Қаулыда аталған мерекелерді бекіту – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отырғаны жазылған. Айта кетейік, сондай-ақ елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының қызметкерлері күні белгіленуі мүмкін.