Отырар ауданында мыңдаған гектар егін кеуіп қалды

Өнімді еккен соң төкпей-шашпай жинап алғанға не жетсін?! Бірақ Отырар ауданының диқандары қып-қызыл шығынға батамыз ба деп алаңдайды. Өйткені қара жерге себілген дәнге нәр жетпей мыңдаған гектар егіс алқабы кеуіп тұр.

Әсіресе Талапты, Қарғалы ауылдары ағын судан таршылық көріп отыр. Диқандар шарасыз. Бақша дақылдары мен жүгері егілген алқаптар осы уақытқа дейін бір рет те суғарылмаған.

- Мынау қауын ба!? Көріңдерші мынаны. Міні...

Биыл 28 гектар жерге қауын еккен Бекжан Ибашевтың есіл еңбегі еш кеткелі тұр. Мамыр айынан бері тамырына нәр бармаған көкөніс түйнек салғанымен көктей қурай бастады. Пісіп жетілмеген алқапты енді қанша суарса да сақтап қала алмаймыз дейді диқан.

Бекжан Ибашев, диқан:

- 12 млн шығын кетті осы жерге. Өзімнің қаржым бар. 8 млн кредит алғам. Қаншама техникаға жұмыс істеткенбіз қарызға өнімнен береміз деп. Оның барлығын қайтып құтыламын мен енді. Қауынымыз мынау болды енді қурап жатыр.

Ал Бақтияр Мәмбетәлиев алғашында арықтағы ағын судың азайғанын көріп арнайы сорғының көмегімен амалдап келген еді. Енді канал суы тартылған соң ол ісінен де түк шықпай қалды. Қазір шарасыз халдегі шаруаның қарбыз алқабы кеуіп тұр. 

Бақтияр Мәмбетәлиев, диқан:

- Водхоздан заявка алып келеміз ақшаға. Одан бөлек каналымызға су келмейді. Қосымша мен күніне 15 мыңға насосыма дизель аламын. Мынмен соляркамен айдаймын. Жатқан шығын. Мына жақта 20 гектар шөлдеп бара жатыр.

Талапты ауылындағы 500 гектардан астам егіс алқабына қажетті су ША-9 каналынан тарайды. Аталған су арнасы «Қазсушар» мекемесіне тиесілі болғандықтан әр гектары үшін 4 мың теңгеден ақы төлеп тұтынады. Шарулар қаржыны егін маусымы басталмай жатып төлеп қойыпты. Бірақ ағын судың сиқы биыл да көптің көңілін күпті етті.

Қойшықұл Мамыров, Талапты ауылының тұрғыны:

- Су жоқ емес бар жоғарыда. Су Бөгенде де Қараспанда да тұр. Бірақ соны  есептеп басында тұрып әкелген адам жоқ. Ауданның басшылары е жұмысты қоймайды е су әкеп бермейді бізге. Істейтін адам отырсын мынау елді шулатпасын. 

Ал Қазсушар мекемесінің басшылығы ағын судың тапшылығы тек Талаптыда ғана еместігін айтады. Бар мәселені шешу үшін Қызылсу сорғы стансасын іске қосуға құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бірақ тұтынушылардың кейбірі қарыз ақысын төлемегендіктен бұл жұмыстар тұралап тұр, -дейді.

Хамитбек Әлкей, "Қазсушар" РМК ТОФ Отырар өндірістік бөлімшесінің басшысы:

- Былтырғы қарыздары бар шаруалардың төлемеген 5 млндай. 3,9 млн қалды қазір. Соның салдарынан Қызылсу насосын қоса алмай отырмын. Қазір жетпей отырған 3-4 кубты мен сол Қызылту насосынан қосып бертін едім. Сол кезде бәріне жетеді су. Түгел жетеді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Мамандар биыл да магистралды каналдың су деңгейі айтарлықтай төмендегенін айтады. Сондықтан арнаның су өткізу мүмкіндігі секундына 4 текше метрге дейін азайып кеткен. Егін алқабын суару үшін ендігі іс Қызылсу су сорғысына қарап тұр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов

Сондай-ақ...