Дәрінің «оригинал» немесе қолдан жасалғанын тексеру мүмкіндігі туды

Кез келген дәрінің заңды немесе заңсыз шығарылғанын тексере аласыз. Дәрілік заттарды цифрлық таңбалаудың бірінші кезеңі қыркүйек айынан бастап күшіне енеді. Ел үкіметі дәрілік препараттарды таңбалаудың тарифін бекітті. Алғашқы кезеңге 90 атау енгізілген. Келер жылдың соңына дейін барлық дәрі-дәрмек цифрлық маркалаудан өтеді. 

Тәуелсіз сарапшылардың мәліметінше, елімізде дәрі-дәрмектің заңсыз айналымы 12%. Бұл ондаған млрд теңгеге жетуі мүмкін. Ал әлемде контрафактілі дәрінің үлесі 20% шамасында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сапасыз дәрі-дәрмектен жылына 1 миллион адамға дейін көз жұматынын айтады. Яғни заңсыз айналым адам өміріне қауіп төндіріп ғана қоймай, бүтін ел экономикасына зиянын тигізеді. Бүгінде дәріхана сөрелеріндегі препараттардың сапасы жайында тұрғындар пікірі де екіге бөлінген:

БЛИЦ:

- Сенбейм, вообще сенбейм, дәрілерді дұрыс бермейді. Аптекаға барасың, аласың, алғанда сапасы дұрыс емес дәрілер ғой бәрі де.

- Дәрі 10 күнге какой-то бір временный ғана сенің ауруыңды басады. В общем зависимый ғып қойған ғой аптекалар.

- Олар негізі үкімет арқылы да тексерілу керек. Өздерінің тексеретін мекемелері бар, гражданское общество бар, олар жағынан да тексеру керек. Сапасын, қай жақтан жасалғанын.

- Аптекаларда любой дәрі-дәрмек бәрі контрольдан өту керек. Бүкіл сертификаттар толық болу керек. Бұл жерде енді мықты контроль керек, неге десеңіз ол адамның денсаулығы.

Дәрі-дәрмек нарығын контрафактіден қорғаудың тиімді жолы цифрлық таңбалау, - дейді мамандар. Қыркүйек айында бұл жүйенің бірінші кезеңі елімізде іске қосылады. 

Бикеш Құрманғалиева, Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры:

- Цифрлық таңбалау енгізетін тізім өте үлкен. Дәрілік заттар міндеті таңбалауға жататын маңызды тауарлар тобының қатарына кіреді. Тиісті нормативтік құжаттар бекітілді. Қыркүйек айында күшіне енетін бұйрыққа сай, бірінші кезеңде 90 аталымнан тұратын дәрі-дәрмек таңбаланады. Бұл фармацевтика саласындағы қауымдастықпен анықталып, келісілген және денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізім.

Міндетті цифрлық таңбалау енгізілгенге дейін дәріхана сөресіне түскен өнім жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін сатуға жатады. Жаңа тәртіп 2023 жылдың аяғына дейін дәрілік препараттардың 100%-ін кезең-кезеңмен таңбалауды көздейді. Мамандардың айтуынша, отандық дәрі-дәрмек өндіруші ірі және ұсақ компаниялар пилотты негізде жүйеге дайын. Ал импорттық өнім өндіруші елдегі зауыттарда таңбаланады. 

Бикеш Құрманғалиева, Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры:

- Міндетті маркалауға жататын өнімде дата матрикс код болмаса, оның заңсыз екенін білдіреді. Реестрге енгізілмеген тауардан күмәндануға болады. Мобильді қосымша арқылы сканерлеп, оның нарықтағы рұқсат етілген шекті бағасын да тексере аласыз. Қыркүйек айында біз осы 90 аталым дәрі-дәрмекті таңбалауды бастаймыз. 

Яғни Қазақстан аумағында сатуға рұқсат етілмеген препараттардың айналымына тосқауыл болады. Бұл сіздің тиісті бақылаудан өткен сапалы дәрі-дәрмекке қол жеткізуіңізге кепілдік. Алайда, фармацевтер жаңа жүйенің сөредегі дәрі-дәрмек бағасына қалай әсер ететінін дөп басып айта алмайды. 

Мадина Оразымбетова, дәріханалар желісінің PR-менеджері:

- Әрбір дәріхана желісінде өзіндік құрылғы қолданылады. Қазір барлығында қажетті аппарат бар дей алмаймыз. Жекелеген дәріханаларда жаңа штрих-кодтарды оқитын сканерлер бар. Болмаған жағдайда қосымша құрылғы сатып алу қажет. 

Рухани Асқар, тілші:

- Бүгінде еліміз дәрілік препараттардың ірі партиясын АҚШ, Еуропа, Ресей мен Үндістаннан алады. Цифрлық таңбалау ол елдерде ертеректен қолға алынған. Өндірушілер нарықтағы шынайы жағдайды бақылап, дәрілік зат тапшылығының алдын алуға мүмкіндік туатынын айтады. Яғни бұл әлемдік тәжірибе.

Рухани Асқар, Артур Горшняков