Жүргізушілерге бұдан былай айыппұл төлегенде жеңілдік берілмейді

Әлеуметтік желіде кешеден бері Ішкі істер министрлігінің жол ережесіне қатысты енгізгелі жатқан осы өзгертуі қызу талқылануда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін ведомства өкілдері  бұл түзетудің қажеттілігін егжей тегжейлі түсіндірді. Айтуларынша, оның тәртіпті азаматтарға қатысы жоқ. Тек жүгенсіз жүргізушілерді жөнге салу үшін ғана қолданылады. Өйткені, айыппұлға 50 пайыз жеңілдік бірден жойылмайды. Азамат жылына бес мәрте заң бұзса ғана бұл мүмкіндіктен айрылады. Ал ондайлардың саны бізде аз. Мәселен, жылына 3 000 000 жүргізушіге айыппұл салынатын болса, соның тек 5 пайызы ғана 5 реттен артық ереже бұзады.