Ауылдықтардың табысы қайтсе артады?

Тұрақсыз жұмыс пен табыстың аздығы біраз елді қажытты. Ауылдағы ағайынның субсидия мен жеңілдіктерге қолы жете бермейді. Ал жергілікті әкімдердің инвестор тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға шамасы келе бермейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді қайтпек керек? Осының бір көмегі болар деп ауыл әкімдері үшін біліктілікті арттыру семинары ұйымдастырылды. Үш күндік курсқа қатысушылар маркетингтік талдау жүргізу мен экономика саласын дамытуды және жаңа бизнес-жобаларды іске асыруды меңгерген. Ал бұл ауылға қандай пайдасын тигізбек? Ашығын айту керек, елдегі ауылдардың басым бөлігі қазіргі өркениеттен алыстап кетті десек болады. Өмір сүру деңгейі тым төмен, соның әсерінен қалаға ағылатындар саны көбеюде. Тұрақты жұмыс орындары да жоқ. Шаруашылықтағы қам-қарекет мезгіліне қарай тоқтап қалады.

Ал тұрғындардың табысы үзілмеуі үшін өндіріс орындарын ашу қажет. Керек десеңіз, ауыл әкімдері осы бағытта инвестиция тартып, мемлекеттік бағдарламалардың ережесін шемішкедей шаққаны жөн. Семинардың басты мақсаты да осы. Курсқа елдегі барлық ауылдардың әкімдері қатысты.

Ақмарал Бекмұрзаева, «Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту қауымдастығы» ҚБ президенті:

– Бүгінде ауылдағы кәсіпкерлік деңгейі төмен және жұмыс орындары тапшы. Бұл үлкен мәселе. Жергілікті тұрғындардың табысы да аз екені белгілі. Оқыту бағдарламасын әзірлеу кезінде осы мәселелердің барлығына мән бердік. Коператив құру мен өндірісті дамытуға арналған тренингтер де болды.

Семинар аясында ауыл әкімдері түйіткілді мәселелерімен де бөлісті. Елді мекенде кәсіп ашып, шаруашылықты дөңгелетем дейтіндерге кедергі көп. Басты мәселе – қаражаттың жетіспеушілігі. Ал арнайы бағдарламалардың шарапаты қарапайым тұрғындарға тие бермейді.

Асқар Мазфуз, Ақмола облысы Бектау ауылдық округінің әкімі:

– Осыған дейін көптеген бағдарламалар болды. Бірақ ауылағы әр адамның қолы жете бермейді. Себебі ол жерге кепіл керек. Ауылдағы үйлердің кепілдік бағасы 1-2 миллионға бағаланады. Оның 50 процентін бергенде, 1 миллион ақшаға не мал ала алмайды, не корм ала алмайды. Сондықтан бизнесін дамыта алмайды. Мына жерде ұсыныс жасадық, «Аманат» партиясына сол семинарда. Кепілдік мүлік 70-80 пайызға дейін бағаланса.

Сонымен қатар қатысушылар семинардың уақытын одан әрі ұзартуды ұсынуда. Демек алдағы уақытта біліктілік курсының көкжиегі кеңеюі мүмкін. Бұл ауылды дамытуға жасалған тағы бір маңызды қадам болатынын айтты мамандар.

Авторлары: Бекзат Аманов, Аят Дүйсембаев