Оқушыға кәсіптік бағдар беру бағдарламасы бүкіл елге таралады

Павлодар облысының мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру бағдарламасы бүкіл ел бойынша таралады. «Жаңа мамандықтар атласы» пилоттық жобасы өзінің оң нәтижесін беріп отыр. Жоба арқылы түлектер еңбек нарығындағы жағдайды саралап, соған сәйкес қабілеттерін шыңдайды. Қазірдің өзінде өңірдегі 20 мың оқушы осындай кәсіби диагностикадан өтті. Кеше өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жергілікті биліктің бастамасына оң бағасын берді.

Түрлі жиһаз дайындайтын бұл мекемеде қазір студенттер еңбек етіп жүр. Дуальді оқыту жүйесі арқылы жастар табыс тауып қана қоймай, өндірістегі өз тәжірибелерін де шыңдайды. 

Олжас Шахмарданов, студент:

- Бірнеше вакансия болған. Мен хабарласып, осы жерге собеседование келіп, содан испытательный срок жарты ай өттім. Осы жерде біз мектепке арналған мебельді істейміз. Көріп тұрсыз, үстелдер, парталар істейміз. 

Оқу орыны мен кәсіпорын кадрларды бірлесіп даярлауға келіскен. Сол үшін білім ордасы пластик бұйымдарды өңдейтін арнайы құрал-жабдықтар сатып алыпты. Осылайша студенттер зауыт инженерлерінің басшылығымен жиһазға арналған бөлшектерді шығарады. Мұндай келісім басқа да өндірістік кәсіпорындармен жолға қойылған.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Бұл жерде балалар жай ғана оқып жатқан жоқ. Бұл жерде оқудың кезінде жұмыс істеуге бүгін мүмкіндік алып отыр. Ашығын айтқанда колледждардың, айналып келгенде жұмысқа қабылдау орталықтарының функциясын атқаратын деңгейге жеткен бүгінде. Мұның бәрі балаларға өте ыңғайлы. Бүкіл мектептермен қарым қатынаста, сонымен қатар ірі компаниялармен қарым қатынаста, әке шешелерімен қарым қатынаста, сондықтан балаларды оқуды бітірмей тұрып, нақты жұмысқа мамандығына байланысты бағыттау ең үлкен сұрақтардың бірі.

Еліміздің өнеркәсіп орталығында сынақтан сәтті өткен жоба бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асырылады. Колледждер мен Тиісті мамандықтар орталығы оқу жүйесі 15 жаңа және 25 жаңартылған мамандық енгізіп жатыр. Бес мыңға жуық жас қамтылады. Сонымен қатар оның жартысы облыстың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтеді.

Самғат Ермекбаев, "Мамандығым - болашағым" жобасының жетекшісі:

- Осы жоба Павлодар өңірінде оң нәтижесін бергендіктен қазіргі таңда елбасының тапсырмасы бойынша бағдарламаға енгізіліп, бөлек жоба ретінде жүзеге асырылып жатыр. Осы Павлодар опытын бүкіл регионға таратып жатыр. Бүкіл аймақ осы жоба негізінде әр аймаққа, өзінің ішкі экономикасына қажетті мамандарды дайындап сол өңірдің мамандарын басқа қалаларға кетіп қалмас үшін осындай жобаны жүзеге асырып жатырмыз. 

Еліміздің солтүстігінде жұмыс күші тапшы. Сондықтан Үкімет бұдан былай қоныс аударушыларды еліміздің орталық және солтүстік өңірлеріне ғана жіберу туралы шешім қабылдады. Павлодар облысы қазір қоныс аудару бағдарламасы бойынша көш басында тұр. Соңғы бес жылда мұнда он мыңнан астам адам көшіп келген. Көптеген көпбалалы отбасы өз кәсібін бастады. Сонымен қатар Биыл Павлодарда «Бақытты отбасы» орталығы ашылды. Мұнда өмірлік қиын жағдайға тап болған үш мыңға жуық адамға әлеуметтік қолдау көрсетілмек. Келесі жылы жергілікті билік тағы бір пилоттық жобаны қолға алады. Ол ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталады деп жоспарланған.

Асланбек Шығыр, Ербол Әбішов