Шымкент вокзалы сенімгерлік басқаруға беріледі

Шымкент қаласының теміржол вокзалы электрондық сауда алаңына шығарылды.

Бірақ сауда-саттықтың бұл түрі сатып алу құқығынсыз 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілмек. Тендерге заңды және жеке тұлғалар да қатыса алады. Тек алдын ала 3 жарым миллион теңге кепілдік жарна төлеуі тиіс. Сондай-ақ жаңа басшыға вокзал қызметі мен жұмыс орындарын сақтап, жолаушыларды өткізу қабілетін тәулігіне 6 мыңға дейін ұлғайту міндеттеледі. Ғимарат пен инфрақұрылымын да күрделі жөндеуден өткізуі керек. Бұдан бөлек жыл сайын кемінде 50 миллион теңге көлемінде инвестицияның келуін қамтамасыз ете алуы тиіс. Теміржол вокзалы 2021 жылдан бастап мемлекет меншігіне өткен. Бірақ содан бері бірқатар қиындықтар туындап, нысанды күтіп ұстау бойынша мәселелер көбейді.

Мұхтар Қоқанбаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі күні вокзалдың жағдайын білесіздер. Вокзалдың ішіндегі вокзалдың өткізу қабілеттілігі бар, вокзалдың ішін қайта құру қажеттілігі туындап отыр. Шамамен бүгінгі күні есебіміз бойынша кемінде 1 миллиард теңгеге жуық қаржыны вокзалдың дамуына құюы керек өз қаражатынан.