Елорданы газдандыру жұмысы жалғасып жатыр

Елорда әкімдігі шаһарды табиғи газға көшіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қала бойынша 650 шақырым газ тарату желілерін салды. Бас қалада бүгінге дейін 10 тұрғын үй алабы мен шағын аудан газға қосылды. Яғни 14 мың жер үйге табиғи газға қосылу мүмкіндігі берілген.

Сәбит ата үйіне газ келгелі от жағу машақатынан құтылғанын айтады. Қарияға жасы ұлғайған сайын көмір тасып, күл шығару қиындай түскен. Қазір бұрынғыдай пеш жақпайды. Табиғи газбен үйді де жылытып, тамағын да пісіріп отыр.

Сәбит Балмағанбетов, қала тұрғыны:

- Көмір болса қымбат, ағаш керек. Жақсылығы сол – үй таза, өзім де таза. Көмір шығарып шаршамаймын. Газ келгеніне қуандық. 

Қала билігі газ құбырын әр үйдің қоршауына дейін салып, қосылу нүктесін қалдырады. Ал оны үйге енгізу жұмыстарын тұрғындар өз есебінен жүргізеді. Әкімдік бұған да бірқатар жеңілдіктер қарастырып отыр. Яғни газ есептеу құрылғылары тегін беріледі. Әрі әлеуметтік осал топ қатарындағыларға газға қосылу үшін 430 мың теңге қаржылай көмек көрсетілмек. 

Мақсат Есмағұлов, қалалық отын энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

- Бүгінде Сарыарқа мен Алматы аудандарына газ толық тартылған. Енді Есіл және Байқоңыр аудандарына тарту басталды. Келесі жылы Ильинка, «Шұбар» «Пригородный», «Family Village», «Өндіріс», «Лесозавод» т/а газ жеткізу желілерінің құрылысы басталады.  Қаланы газдандыру 2025 жылы толық аяқталады.

Нұр-Сұлтан әкімдігі екінші деңгейлі банктермен арнайы келісім-шартқа қол қойған. Яғни әр тұрғын газ тарту үшін 750 мың теңгені бір жарым жылға дейін процентсіз бөліп төлей алады.

Айнұр Қуатқызы, Аят Дүйсенбаев