Жүргізушілер жауыннан номерлерін жоғалтты

Ақтауда толассыз жауыннан кейін, көшелерді су басып қалды. Үйлерге су кіріп, көлік қатынасы да қиындады. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшті.

Бұл қаладағы Сары базардың маңы. Нөсердің саалдарынан павильондардың маңы құдды бір өзенге айналғандай. 

- Таңертеңгі жауын қозғалысқа қиындық туғызды. Бүгін таңертең жұмысқа өтейін десек, халық транспортты күте алмай, өз аяғымен кеткен. Сол  үсті-басым су болып, аяғыма да су өтіп кетті.

-Если бы чистили ы еще дорогу, хорошо бы было. Там машины стоят. А так супер, классно же, мне нравится, тем более в Актау это редкость.

Қауіпсіздік шаралары үшін жолдағы жүргізушілер жылдамдықты төмендетуге мәжбүр болды.

Әлеуметтік желілер арқылы тұрғындар түрлі бейне жазбалармен бөлісіп жатыр. Бүгінде қалада жол талғамайтын көліктермен жүрудің өзі оңай емес. Автобус қатынасы да қиындады.

Автокөлік иелері мемлекеттік номерлерін жоғалтты. Ал коммуналдық қызмет болса күшейтілген режимге көшті. Қазір олар жауын салдарын жойып жатыр. Қалалық әкімдік өкілдері хабарлағандай, соңғы тәулікте Ақтауда түскен жауын айлық мөлшерден асады. 

Алпысбай Таубаев, қала әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда бұл су алу жұмыстарына 132 адам жұмылдырылды. Қала жолдарынан 105 адам, 6 мотопомпа, бір бойлер, сонымен қатар бір погрузчик, бір самосвал жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар департаментінен 32 қызметкер, бес арнайы техника сегіз мотопомпа жұмылдырылды. Сонымен қатар кірістер мекемесінен екі бойллер жұмылдырылып, қазіргі уақытқа дейін 29 мың 432 метр куб көлемінде су алған болатынбыз. 

Осыған дейін синоптиктер тұрғындарға ауа-райының құбылмалы болатынын ескерткен еді.

Айгүл Төлеуғалиева, "Қазгидромет"  РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры:

- Бақылау пункттерінің деректері бойынша 28 шілдесінде  түнде Ақтау метеостанциясында 13 миллиметр, Форд Шевченкода -10 миллиметр, Тұщыбекте - 4 миллиметр,  Қызан, Құлалы, Қаламқас – 1 миллиметр, Жетібай автоматтандырылған метеостанциясында 3 миллиметр жауын тіркелген. 

Синоптиктердің мәліметінше, ертең қалада нөсер жауын болмайды. Бірақ облыс аумағында тұрақсыз ауа райы сақталады. Кей жерлерде жаңбыр, найзағай, екпінді жел тұруы мүмкін. 

Самат Қайырденұлы, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев