Ботаникалық бақтың аумағында шашылған қоқыс көп

Ботаникалық саябақ. Сол жағалау тұрғындарының сүйікті орындарының бірі. Елордалықтар бұнда таза ауамен демалып, отбасыларымен серуендеуге келеді. Бірақ, жабайы сауда жасап, самокат немесе велосипед тебетіндер еш ережені сақтамай, айналаны ластап, өсімдіктерді таптап бітті, - дейді саябақ қызметкерлер, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – ботаникалық саябақтың бас агрономы – Анар Мұхамбетова. Негізгі міндеті – жасыл желкендердің өсіп-өнуін қадағалау. Бірақ жабайы сауда жасаушылармен күресіп, соларды қудалаумен көп уақыт кетеді, - дейді.

Анар Мұхамбетова, бас агроном:

-  Мыналарға қарасаңыз, айналасының бәрі лас, антисанитария, ол балалар знаете элементарно әжетханаға бармайды ғой. Әжетханаға ағаштың ортасына барып келеді де, дальше мороженое сатып тұра береді. Ұят емес па? Мына жерде шетелдің адамдары көп жүреді. Жанымызда ЭКСПО, Астана балет, мына жанымызда Абу-Даби. Барлық адамдар мына жерден келіп, көргісі келгенде сонда айналып келіп ботаникалық бақтың әкімшілігі қайда, мында жұмыс істейтін адамдары қайда?

Ботаникалық бақтың аумағында шашылған қоқыс пен тапталған өсімдіктер жетерлік. Табиғатқа жаны ашыған жастар бос уақыттарында түрлі қалдықтарды жинап, территорияны тазалауға ат салысып тұрады екен.

Дана Сағадат, ерікті:

- Мен оны үлкен мәселе деп санаймын. Себебі, мысалы адамдар паркте жүріп попкорн жеп, содан кейін попкорндағы пакетикті жерге тастайды.

Ботаникалық бақ әкімшілігінің айтуынша жабайы сауда жасауға бұл жерде рұқсат жоқ. Саудасын қыздырып, балмұздақ сатып тұрғандарды сөзге тартып едік, расымен де ешбір құжаттары болмай шықты.

-Сіздер заңсыз орналасқан дейді. Заңсыз ба?

- Заңсыз болғанда документ жоқ.

- Онда неғып сауда жасап тұрсыздар?

- Ол біз ештеңе шешпейміз бұл жерде. Бізге бастықтан приказ келеді.

- Шағым түссе кетіп қаламыз жиналып.

Ботаникалық бақта тамақ түрлерін сатуға болмайтындығын әкімдік қызметкерлері де растап отыр. Жабайы сауда жасаушылармен олар да күресіп жатырмыз дейді. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде қалтасын толтыратын заңсыз сауда жасайтындардың саны азайған екен.

Еркебұлан Сүйентаев, Есіл ауданы әкімдігі кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің бас маманы:

- Күрестің әрине нәтижесі бар. Осы күрестің арқасында біз бірнеше жыл ішінде 30-ға таман кәсіпкерлер басқа парктерде заңды түрде жұмысын жалғастыруда. Чектерін беріп, салығын төлеп жұмыс жасап жатыр.

Айта кету керек, Орынбор, Түркістан, Бұқар жырау және Қабанбай батыр көшелері қиылысқан үлкен аумақтың 42 гектарға жуығы ботаникалық бақтың территориясы. Бұнда 127 мыңнан астам талдар мен түрлі гүлдер егілген. Баптап өсірілген өсімдіктерді жабайы сауда қыздырғандардан бөлек, велосипед, самокат тепкен адамдарда бұзатын көрінеді. Бас-басына көз болу қиын. Аумақты қоршап тастайтындай жобаның әу басында бұндай тұжырымдама қарастырылмаған екен. Сондықтан мәселе әзірге еш шешімсіз қалып келуде. Тек тұрғындардың мәдениетті болуын қалаудан басқа амал жоқ секілді.

Авторлары: Риат Шони, Арман Ақшабаев, Ербол Дайыров, Ирина Мищенко