Қарағандыда көмір бағасы 17% қымбаттаған

Қарағандыда көмір саудасы қызды. Сұранысы жоғары отын бағасы 17 процентке қымбаттаған. Оның өзін кезекте  бірнеше күн тұрып аласың дейді тұрғындар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Розалия Шангараева көмірді осыдан бір ай бұрын сатып алған. Себебі қыс түсе қымбатшылық бүйірден қыстатынын біледі. Мысалы, Кузнецк көмірінің тоннасы өткен жылы 7,5 мың тг болған. Биыл маусымда 11,5 мың теңге болыпты.

Розалия Шангараева, қала тұрғыны:

– Көмірдің жыл сайын қымбаттайтынын білемін. Сондықтан екі айдың зейнетақысына ерте бастан сатып алдым. Ең арзаны осы Кузнецк көмірі.

Қысқа ерте қамданудың бірден-бір себебі осы. Тіпті сұранысы ең жоғары «Рапид» көмірінің 1 тоннасының қазіргі бағасы 20 мың теңгеге жуықтаған. Оған үйге дейін жеткізіп беруді қосыңыз. Еске салсақ, көмірдің дәл осы маркасы былтыр 17 мың теңге болған. Мамандар көмір бағасының өсуін өзге де қымбатшылықтармен байланыстырып отыр.

Александр Валуйский, кен орнының өндіріс жөніндегі директоры:

– Тау-кен жұмысында қажетті комбайн бағасы 2018-2022 жыл аралығында 50 процентке қымбаттады. Электр энергиясының бағасы 6 процентке өсті. Айлық қорын өткен жылдың жарты жылдығымен салыстырғанда 40 процентке арттырдық. Осылайша көмір 17 процент өсті. Халыққа 20 мың теңгемен беріліп отырған бұл баға көмірдің өзіндік құны деп айтуға болады. 

Облыстағы ең ірі көмір комбинатына кезінде 15 кен орны қараған. Қазір оның тек 8-і жұмыс істеп тұр. Оның өзі коксталған көмір өндіреді. Тек біреуі ғана ашық әдіспен көмір шығарады. Облыс тұрғындарына көмір осы шахтадан жеткізілмек.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақанбаев, Зарина Зұлпхар