Қостанай облысында «Jańa Dala – 2022» аграрлық көрмесі өтті

Ауыл шаруашылығында жаңа технологиялар арқылы өнім көлемін қалай еселеуге болады? Тұралап қалған тұқым өсіру саласын дамытуға не кедергі? Қостанай облысында өткен «Jańa Dala» республикалық көрмесінде мамандар мен диқандар осы сұрақтарға жауап іздеп көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ашық аспан астындағы шараға әр облыстан мыңға жуық фермер келді. Әуелі олар егіс алқаптарын аралады. Қарабалық тәжірибе станциясы мол өнімге кепіл болатын бидай тұқымының 52 түрін таныстырды.

Дамир Қалдыбаев, Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының басқарма төрағасы:

– Бізде ең мол түсім беретін сұрыптың бірі – «Айна» деп аталады. Былтыр құрғақшылыққа қарамастан кейбір шаруашылықтар гектарына 50 центнерден өнім алды. Биыл 300 мың гектарға осы тұқым егілді.

Ғылыми технологияларға сүйеніп, құрғақшылыққа төзімді сұрыптарды пайдалану. Шаруаларға қойылған басты міндет осы боп тұр. Өз кезегінде мемлекет тұқым саласын дамытуды мықтап қолға алмақ. Бұдан былай тәжірибелі станцияларды жаңғырту жұмысы жаңа доктрина аясында жүзеге асады.     

Дархан Балпанов, ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма төрағасы:

Әрине бизнеспен бірге жасауымыз керек. Себебі 18 станция болса, нақты лабораториялық тұқым шығаратын боп, элиталық бізде 150 жеке меншік станция бар. Жеке шаруашылықтар бар. Оларды да системада көруіміз керек. Қазір біздің сорттармен 2,5 млн гектар егіліп жатса, біз ойлаймыз 4,5-5 млн гектарға дейін біздің потенциалымыз бар.

Отандық комбайн, дестелейтін, тұқым себетін, жер өңдейтін агрегаттар да көпшілікті қызықтырды. Техникаларды көрме аясында сынақтан өткізіп, сатып алғандар да кездесті.

Динара Шөкежанова, «Агромашхолдинг кz» компаниясының президенті: 

Серіктес әрі клиенттерімізбен бетпе-бет жүздесіп, алдағы жоспарларымызды талқылауға мүмкіндік алып отырмыз. Соңғы уақытта отандық техникаға деген сенім артты. Бұған былтыр зауытта шығарылған 90 процент өнімнің қазақстандық фермелерге сатылғаны айқын дәлел.

Көрменің күн тәртібінде аграрлық тақырыпта түрлі конференциялар өтті. Соның ішінде ветеринарлық қауіпсіздік, агроөндірісті басқарудың онлайн сервистері талқыланды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг