Алматыда жүргізушілер жүргізу куәлігінсіз адам тасымалдап келген

Алматыда көлік жүргізу куәлігінсіз немесе ірі автобустарды тізгіндеу құқығы жоқ жүргізушілер жолаушы тасымалдап келген. Адам тасымалындағы салғырттық салдарынан және қоғамдық көлік жүргізушілерінің кінәсінен болатын қайғылы жағдай жиілеп барады. Жыл басынан бері автобус жүргізушілерінің қателігінен болған жол-көлік оқиғаларынан 3 адам қаза тапты.

Мамыр мен Жұлдыз ықшам ауданы арасын байланыстыратын нөмірі 85-автобустың жүргізушісі жарты жалдан бері көлік жүргізу куәлігінсіз жолаушы тасымалдаған. Өзінің айтуынша, ақпанда жол жүру ережесін бұзғаны үшін куәлігі тәркіленіпті.

- Жүргізуші куәлігіңіз жоқ, мынауыңыз базада жоқ. Мынау жалған жүргізуші куәлік уақытша. Мұны қайдан алдыңыз, қайдан жасатып алдыңыз?

- Автобус жүргізіп жүргеніңізге қанша болды? -3-4 жыл болды ғой.

- Яғни 3-4 жылдан бері категорияңыз сай келмейді ме?

– Оған қазір ақша болмай жатыр оқып алуға.

Патрульдік полиция тағы екі автобусты тоқтатып, жүргізушілерге 62 мың теңгеден айыппұл салды. Қос жүргізушінің куәлігі болғанымен ірі автобус тізгіндеуге арнаулы санаты жоқ екен. Автобустар айып тұрағына жіберілді.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Патрульдік полиция қызметкерлері Рысқұлов даңғылының бойындағы 47-бағыттағы автобусты тоқтатып, жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында оның автобус жүргізуге құқығы жоқ екені анықталды. Бір айдың ішінде бір емес, екінші рет әкімшілік жазаға тартылған. Осының нәтижесінде автопарк иесі де 40 АЕК айыппұл арқалады.

Қалалық полиия департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері автобус жүргізушілерінің кінәсінен 170 жол апаты болып, салдарынан 3 адам қаза тауып, 177 адам жарақат алған. Сондай-ақ қоғамдық көліктегі жолаушылардың құлауы жиілепті. 2021 жылы автобус ішінде 328 жолаушы құлап, зардап шеккен. «Қауіпсіз жол» шарасы басталған 10 күнде қаладағы барлық көлік түрлері бойынша 17 мың құқық бұзушылық анықталған. 

Болатбек Баятанов, қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары:

- 590-баптың 3-тармағы бойынша 60 мың көлемінде айыппұл салынып жатыр. Бұлардың мемлекеттік номері шешіліп, көлік айыппұл тұрағына қаңтарылады. Яғни әрі қарай мұны пайдалануға рұқсат берілмейді. Автопарктердің басшыларына өздеріне жекеше бұны көшеге жібергені үшін оларға бөлек айыппұл қарастырылған.

Алматы қаласында 21 автокәсіпорын жұмыс істейді, олардың балансында 2200-ден астам автобус пен 160 троллейбус бар. Автопарк жүргізушілерге бақылау жүргізбейді, жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексермейді. Салғырттың салдарынан адам өміріне қауіп төнеді. 

Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев