loader


Мүгедек жандар ешкімге қол жаймастан кәсіп ашады

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар ешкімге қол жаймай өз кәсібін ашады. Түркістан облысында жыл басынан бері осындай 30 адам қайтарымсыз грант алды. Олар немен айналысады? Қандай кәсіп түрін ашты?

Гүлжан Жантөреева 3-топ мүгедегі. Бірнеше жылдан бері көз жанары дұрыс көрмейді. Сондықтан тұрақты жұмысқа жарамайды. Алайда жеті баланың анасына қол қусырып, үйде қарап отыруға тағы болмайды. Шиеттей бала-шағаны жеткізу керек. Жолдасының да табысы мардымсыз. Сондықтан ол өткен жылы «Бастау бизнес» жобасына қатысып, 580 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болды. Оған кондитерлік өнім пісіретін пеш пен үлкен тоңазытқыш және бұлғауыш сатып алыпты. Сөйтіп, өзінің бала күнгі арманына қол жеткізді. Гүлжан дәмі тіл үйіретін түрлі тәтті күлшелерді пісіруді интернеттен үйренгенін айтады.

Гүлжан Жантөреева, Шардара ауданының тұрғыны:

- Қазір енді интернет дамыған заман ғой. Телефонмен онлайн, ютубтан қараймыз. Үйде отырып, интернеттен қараймыз, тренингке қатысамыз. Барлығын телефоннан үйренемін. Жоспарым әрі қарай кәсібімді дамытсам деген ойым бар.

Ал Фазылбек Тұрысбеков 2-топ мүгедегі. Бауыр ауруына шалдыққан. Бірнеше жылдан бері ешкінің сүтін ішіп, емделіп келеді. Алайда бір күні «қып-қызыл ақшаға сүтті сатып алғанша сол ешкі неге өзім өсіріп, бақпасқа» деген ой келді», - дейді. Содан бизнес жобасын әзірлеп, мемлекеттік бағдарлама арқылы грант ұтып алған. Оған немістің онға жуық сүтті ешкісін сатып алып, қазір қызығын да, пайдасын да көріп отыр.

Фазылбек Тұрсынбаев, Шардара ауданының тұрғыны:

- Құдайға шүкір, жақсы ішіп жатырмыз. Сатып та жатырмыз. Негізі бұның сүті қымбат, 700 теңге 1 литрі. Мен халықтың жағдайына қарап 500 теңгеден сатып жатырмыз. Үйден сатып алып кетеді, айран, сүтін. Құдай қаласа көбейтеміз деген ойдамыз.

Өткен жылы Шардара ауданы бойынша өз бизнес жобасын ұсынған 115 азамат қайтарымсыз грантқа ие болған. Олардың басым бөлігі кондитерлік өнім түрлерін шығаратын цех, дәмхана, жылыжай, шаштараз, қақпа жасайтын орталық ашып, өз кәсібін жүргізіп жатыр. Олардың арасында да мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар.

Бағила Ибрагимова, Шардара аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы:

- Биылғы жылы басында 70 азаматқа жоспарланған. Тағы 68 азаматқа сұратып жатырмыз. Грант аламын деушілер көп. Барлық құжатты тапсыру қазір электронды түрде жүреді. Жыл басында 20 азамат электронды түрде құжат тапсырып, комиссия шешімі негізінде 20 азамат 24 млн теңге грант алды. Жыл соңына дейін 138 азаматқа гарнат береміз деген ниетіміз бар.

Биылдан бастап өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарға берілетін қайтарымсыз гранттың көлемі ұлғайды. Бұрын 550 мың теңге алып келсе, қазір бұл сомма 1 млн 200 теңгеге жетті. Биыл Түркістан облысы бойынша 2765 азаматқа грант беру жоспарланып отыр. Бірінші тоқсанда 300 адам қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізсе, соның 30-ы мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Олар жұмыстан қашпайды. Ешкімге тәуелді болғысы келмейді. Еңбек етіп, отбасын асырағысы келеді. Сондықтан олар аяқ-қолы бүтін бірақ «жұмыс жоқ» деп масылдыққа бой алдырған адамдарға қарағанда еңбектің наны тәтті екенін жасқы түсінеді. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов

Сондай-ақ...