Көз жұмғаннан кейін донор болуға 1000-нан астам қазақстандық келісім берген

Қазақстанда биылғы 6 айда ағза мүшесінің трансплантациясы бойынша 100-ден астам операция жасалды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.​

Қазақстандықтар өзі қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға ықтияры бар-жоғын көзі тірісінде gov.kz порталында жазып көрсете алады. 2020 жылдан бері порталда 18 мыңға жуық өтінім тіркелген: оның ішінде 17 мыңнан аса адам донорлықтан бас тартса, 1 мыңға жуығы келісімін берген.

​«Жалпы, қоғамда ағза мүшесінің донорлығына оң көзқарас қалыптастыру еліміздің денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелердің бірі саналады. Сол себепті трансплантацияны үйлестірушілер бұл бағытта кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», - деді ведомстводан.

Қазір ​Қазақстанда 6 трансплантация орталығы, 40 донорлық стационар, 26 стационарлық және 16 аймақтық трансплантация үйлестірушісі бар. 2012 жылдан бері елімізде Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығы жұмыс істейді. Оның басты міндеті – Қазақстан Республикасында ағза мүшесі донорлығының тиімді ұлттық жүйесін құру.​

2021 жылы аталмыш орталық 4 өлі донордан жасалған трансплантацияға үйлестіруші болды: олардан 10 донорлық ағза мүшесі алынып, трансплантацияға зәру рецепиенттердің Регистрінде тіркеуде тұрған 10 пациентке салынды. Ал биылғы 6 айда 2 өлі донордан алынған 7 ағза мүшесінің транплантациясы жасалды.

«2021 жылы республиканың трансплантация орталықтарында ағза мүшесінің транспланттау бойынша 171 операция жасалды: оның ішінде 4 өлі донордан 10 ағза мүшесі, көзі тірі донорлардан 161 ағза мүшесі ауыстырылды. Ал биылғы жартыжылдықта трансплантация орталығында ағза мүшесін алмастыру бойынша 104 операция жасалды. Оның ішінде 7 ағза мүшесі өлі донордан алынса, 97 ағза мүшесі көзі тірі донордың келісімімен алынды», - делінген министрлік хабарламасында.