Қостанайда шөп тапшылығы бола ма?

Бұл Восточный ауылы маңындағы шабындық жер. Биыл мың гектарға судан шөбінің тұқымы егілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті шаруа қожалығы орылған мал азығын тек тұрғындарға сатуды көздейді. Тоннасы 10 мың теңгеден аспайды делінген. Кейін шабылған аумақ жайылым ретінде кәдеге жаратылады.             

Иван Попович, шаруа:

- Судан – жемдік дақыл. Қоректік заттарға бай. Ылғал болса жазда екі-үш рет шауып алуға болады. Шығыны аз, алынатын өнімі мол. Шамамен әр гектардан 6-7 центнер жинап алмақпыз. Сонда жалпы көлемі 700 тонна болады. Бұл Восточный тұрғындарын қолжетімді шөппен қамтамасыз етуге жетеді.

Арқалықтағы ірі шаруа қожалықтарының тұрғындарға осылайша демеу көрсетуі алғаш. Меморандум аясында мұндай тәжірибе Фурманов, Үштөбе ауылдарында да жүзеге асырылып келеді.     

Иван Попович, шаруа:

- Мұның бәрі жұмысшыларымыз бен ауыл тұрғындары үшін жасалып жатқанын түсінеміз. Себебі біздің өңірде құрғақшылық жылдан-жылға белең алып барады. Малға азық таппаған жұрт тұяқтыларын біртіндеп сатып жатыр.

Жаз басталғалы Арқалық өңіріне бар болғаны 8 миллиметр жауын-шашын жауған. Көпжылдық және басқа да шөп шығымы аз. Шаруалар сай-сала, көл жағасын барын салып шапқанымен мал асырауға жетпейді. Тапшы шөп Амангелді ауданының шабындық жерлері есебінен толтырылмақ. Биыл көрші елді мекеннен 10 мың тонна мал азығын жинау жоспарланған.

Руслан Құлетов, Арқалық қаласы Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Былтыр бізде мал бордақылау алаңы ашылды бес мың басқа. Соған шөп дайындау үшін біз қазір Амангелді ауданында шөп шабылып жатыр. Мал шаруашылығымен айналысатын мынау Қараторғай, Сарыторғай жағы ол жақта жайылымдық жерлерде шөп жеткілікті. Жеріміз біздің толық жеткілікті шаруа қожалықтарымызға да, халыққа да. Бірақ жауын-шашынның болмауына байланысты шөптің түсімі аз боп жатыр.

Жоспар бойынша биыл Арқалық бойынша 62 мың тонна шөп дайындалады. Бұл былтырғы көрсеткіштен үш мың тоннаға артық. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг