Жәйрем кентінің тұрғыны ауыл жастары үшін игі істі қолға алған – Ұлытау облысы

Ұлытау облысының Жәйрем кентінде қарапайым машинист ауыл жастарын спортқа баулып, өз күшімен спорт залын ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мұндағы балалар қол күрестен бірқатар байқауларда топ жарған. Еңбек адамының бос уақытын тиімді өткізуі ауыл азаматтарының да көңілінен шықты. Жәйрем кентінің тұрғыны Алмаз Оспанов спорттық жабдықтарды өз қолымен құрастырып алған. Аядай зал кәсіби болмаса да, әуесқойлар үшін жарап тұр. Қазір ауыл балалары осы залдан шықпайтын болып алған. Алмазда жұмыстан кейін бірден осында келеді.

Алмаз Оспанов, әуесқой спортшы:

– Өзім бұрын жертөледе дайындалғам, ол кезде осындай жағдай болған жоқ.Ол кезде қолдан жасап, бір нәрсе көтеріп, жеткен жетістіктеріміз бар, қатты емес. Мен жептеген жетістікке осы жастар жетсін деп, оларға да ағалық, ертең айтатындай осындай ағамыз спортты ауылға алып келіп еді деп.

Іргедегі комбинатта кран машинисі болып жұмыс істейтін Алмаз жаттығулардың барлығы тегін өткізілетінін айтады. Залды ашуға жергілікті тұрғындар қол ұшын беріпті. Есесіне ауыл жастары күнұзаққа телефонға телмірмей темір көтеріп, жаттығуды бастаған. Залда бір мезетте он адам дайындала алады.

Ғалым Сүлейменов, Жәйрем кентінің тұрғыны:

– Өзі жарыстардан ұтып келгеннен кейін, міне, ой салып, ортамызға біз де қуанып, құтты болсын деп қуанышымызды айтып, ол кісі ойын айтып, сосын әкімшілік бар, комбинат бар, жасап бердік, мәдениет үйінің ішінен. Мынаның бәрі өз еңбектері ештеңе сатып алған жоқ. Өздері сваркілеп, өздері жасаған.

Әуесқой спортшы – 31 жаста. Өзі де осыған дейін аудандық, қалалық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізген. Болашақта осы ауылдан әлем чемпиондары шығарына сеніммен қарайды. 

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпхар