Экологияны жақсартуға үлес қосқан 26 кәсіпорынға 105 млн теңге төленді 

«Жасыл даму» акционерлік қоғамы «EcoQolday» жобасының қатысушыларына төлем жүргізуді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жасыл даму» АҚ «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС міндетіне сай «EcoQolday» жобасының қатысушыларына төлем жүргізіп жатыр. Орындаған міндеттемелерін растайтын құжатты уақтылы ұсынған 26 компанияға бүгінгі күні 105 миллион теңгеден астам қаржы төленді.

Айта кетейік, автокомпоненттер мен қаптама қалдықтарын жинап, кәдеге жарату бойынша «EcoQolday» жобасына қатысқан кәсіпорындардың расталған міндеттемелері орындалатыны хабарланған болатын. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторымен жасалған бұрынғы шарт шеңберінде міндеттемесін орындаған, көрсетілген қызметтерді құжат жүзінде растаған контрагенттерге 2021 жылдың 4-тоқсанына төлем жасалады. Оны алу үшін «ӨКМ операторы» ЖШС жасаған шарттың құқықтар мен міндеттемелерін кәсіпорындар «Жасыл даму» АҚ-на беру жөнінде жазбаша келісім мен негіздемелік шартқа қосымша үшжақты келісім және 30 сәуірге дейінгі салыстыру актілерін ұсынуы қажет.