Батыстағы бағбан ұлтарақтай жерден өнім алып отыр

Батыс Қазақстан облысында ішкі нарыққа бау-бақша өнімдері ең алдымен оңтүстік өңірлерден келеді. Климатқа байланысты жегілікті бағбандарға олармен бәсекеге түсу оңай емес. Десе де, ауылдық жерлерде алақандай алқаптан көл-көсір өнім алып отырған отбасылар бар. Солардың бірі Шыңғырлау елді мекенінде тұрады.

- Из-за того, что листовая база хорошая, арбузы не будут гореть на солнце.

Петр Рудь алғашында бес сотық жерге бақша егіп көрген. Өнімдердің шығымы тәуір болып, отбасынан артылғанын көрші-көлемге де таратқан. Кейін кәсіби түрде айналысуды ұйғарыпты. Сөйтіп, былтыр ауылдың маңынан құнарлы алқапты жалға алған. Қазір 3 гектар жер жасыл желекке айналды.

Петр Рудь, бағбан:

- Таңғы бесте тұрып, қияр жинаймыз. 300 келі жиналады. Өзге көкөністер енді шығып жатыр. Бір-екі жылдық тәжірибем кәдеге жарады. Ауыл маңынан жер алғалы тамшылатып суару жүйесін сатып алдым. Бау-бақша ерекше күтімді қажет етеді. Жолдасыммен бірге таңнан кешке дейін күтіп-баптап жүреміз.

Қияр, орамжапырақ, сәбіз, жүгері, тағысын тағы. Бақшада бәрі бар. Тек өнімдердің көбі әлі пісе қоймапты. Әдетте мұндай мезгілде қарбыз-қауын жиналатын. Алайда биыл олар кешеуілдеп шығып жатыр екен. Өйткені...

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Мамыр айында өңірде күн суық болды және жауын-шашын толассыз жауды. Ал мұндай ауа райы бау-бақша өнімдерінің шығымына кері әсер етеді екен. Мысалы, мына қарбыздардың шыға бастағанына небәрі бір апта болған. Олардың толық пісіп жетілуі үшін тағы екі-үш апта қажет екен.

Шыңғырлау ауылы өзеннің жағасында орналасқан. «Мұнда жерді игеру өте қолайлы. Бастысы, еңбек етсең болғаны» дейді бағбан. Ол бау-бақша өнімдерін көршілес ауылдарға ғана емес, өзге аудандарға және қалаға да жолдайды. 

Петр Рудь, бағбан:

- Еңбек етуге құлшыныс болса, бәрін жасауға болады. Жалқаулыққа салынбау керек. Сонымен қатар жерді игергенде оған балаша күтім жасау керек. Сонда мол өнім алынады. Ал өнім мол болса, табыс көлемі де арта түседі.

Бағбан мұнымен шектелгісі келмейді. Ол алдағы уақытта тағы да жерді жалға алып, өнім түрлерін де көбейтуді жоспарлап отыр.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов