Жұмыссыз 21 мың адамды оқыттық – Халықты жұмыспен қамту департаменті

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде жұмысқа қабілетті адамдардың саны  9 млн-нан асады. Бүгінде олардың  8 млн-ы тұрақты  жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ биыл  NEET санатындағылардың саны 2019 жылмен салыстырғанда 1 процентке кеміді.

Аяулым Берекенова, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы:

- 2019 жылдан бастап осы жастармен жұмыс жасап келеміз. Жастарға арнайы кәсіптік оқыту ұйымдастырдық. Техникалық-кәсіптік білім беру бойынша. 2 жыл 10 айға дейін оқыттық. Бұл «Еңбек» бағдарламасының аясында болды. Нәтижесінде жұмыссыз 21 мың адамды оқыттық.

Қазіргі таңда халықты жұмыспен қамту мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы арқылы биыл 3000 жуық жанды  қызметке орналастыру жоспарда бар. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы аясында 150 мыңдай жас түлек «Жастар практикасына» қатысуға мүмкіндік алған. Бүгінде аталмыш жоба кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба болып тарансформацияланды. Осы бойынша халықты жұмыспен қамту әрі кәсіпкерлікті дамыту көзделіп отыр. Мәселен, биыл осы мақсатты жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 140 млрд теңге  бөлінді.

Аяулым Берекенова, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы:

- Жұмыссыз ретінде өзі жұмыс таба алмаса, халықты жұмыспен қамту орталығына келсін. Немесе онлайн түрде, «еңбек биржасы» арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуге болады. Осы ретте, «Жастар практикасына» қатыса алады. Сонымен қатар жұмыс берушілер өзінде бар бос вакансияларды ұсынады. Біз оны порталға енгіземіз. Осы арқылы ұсынылған вакансиялар бойынша жұмыс таба алады.

Жыл сайын ЖОО бітірушілердің  70 процентке жуығы жұмыспен қамтылады. Түлектердің көпшілігінің таңдауы  педагогика, техника, құқық және экономика салалары. Сала мамандары жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін сұранысқа ие мамандықтарға бет бұру керектігін айтады.

Айдос Мұқатаев, ҚР ҒЖБМ Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының орталығы:
- Экономиканы әртараптандыру керек. Сол кезде біз көптеген жұмыс орындарын аламыз. Кәсіби бағдар барысында білім алушыларды дұрыс бағыттау. Білім бағдарламаларын жасау кезінде жұмыс берушілермен тікелей жұмыс жасау керек. Бұл қазір ЖОО бір жолға қойылған.

Қазіргі таңда білім ошақтары сұранысқа ие мамандарды дайындауға күш салып жатыр. Мәселен, соңғы жылдары «бизнес инкубаторы» ұйымдары  қолға алынған. Осы арқылы әрбір 3-ші түлек өз жобасын дайындап, кәсібін ашуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ студенттер үшін жыл сайын  өткізілетін  жәрмеңкелер де түлектердің қызметке  тұруына айтарлықтай сеп. 

Бауыржан Искаков, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Троиная спираль деген түсінік бар. Мемлекет, білім беру саласы, бизнес осы 3 тірек бірге жұмыс жасайтын болса, оның тиімділігі жоғары болады. Мемлекет жағдай жасады. Экономикалық орта, өнеркәсіп. Бизнесмендер жұмыспен қамтамасыз етеді. Ал жұмысты іске асыратын университет дайындаған мамандар. Осы 3 таған тиімді жұмыс жасаса, жұмыссыздық мәселесі шешімін табады.

Қазір елімізде жұмыс істеймін  деген адамға "екі қолға бір күрек" табылады. Бастысы, сапалы білім мен мамандыққа деген махаббат керек. Мәселен, биыл ЖОО бітірген Сержан диплом алған соң, бірден қызметке орналасқан.

Сержан Есжанов,  түлек:

- ЖОО кезінде кәсіптік практика арқылы тәжірибеден өттім. Осы арқылы менде қызметке орналсуда қиындық болмады. Бастысы, өз салаңның үздігі болуың керек. Бұл өте маңызды.

Соңғы 5 жылда елде кәсіпкерлік  негізінде 60 мың жұмыс орны ашылып, 200 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Биыл «Бастау  бизнес» жобасы аясында 1500  жуық адамға грант берілді. Енді жыл соңына дейін тағы да 20 мың адамды  қайтарымсыз қаржымен қамту  жоспарда бар.

Авторлары: Іңкәр Қайратқызы, Мұрат Әріпханов, Арман Ақшабаев