Жаңадан құрылған облыстарда тұрғын үй бағасы 10%-ке өскен

Жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов мұны қолдан жасалған қымбатшылыққа балады. Ол жергілікті халықтан сұраныс азайғанда, баға қалпына келеріне сенімді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа өңірлер ғана емес, жалпы ел аумағында мүлікті сатып алу-сату келісімдері біршама азайған. Оған не себеп?

Мамандар тұрғын үйдің өз бағасын есептеу қиындағанын айтады. Оған әлемдегі геосаяси ахуал, қымбатшылық, логистикалық кедергілер әрі құрылыс материалдарының 90 проценттейі шетелден алынуы себеп. Риэлторлар сатушылардың екінші нарықтағы пәтер бағасын шарықтатып қойғанын айтады. Әсіресе, Семей, Жезқазған, Қонаев қалаларында 10 процентке өскен. Осылайша 1 шаршы метрі 250-300 мың теңгені құрады. Сәл түсіргендей болатындар, әлбетте, мүлік кілтін жаңа иесіне табыстайды. Наурыздан бері елде ай сайынғы жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату келісімдері 30 мыңға азайып жатыр. Халық екінші нарықтағы бір бөлмелі пәтерлерді көп таңдайтын болған. Ал әзірге баспананың арзандайтынын айтып, сүйінші сұрауға ешкім асықпайды. Себебі нарықтағы ахуалды болжау қиын. Саладағы сарапшы Зульфия Гетманчук сұраныстың азаюы үлескерлер дауының қайта өршуіне алып келуі мүмкін дейді.

ЕЛДЕ ИПОТЕКАҒА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несиелеу мөлшерлемесін көтергені есімізде. Жығылғанға жұдырық дейміз бе? «7-20-25» сынды мемлекеттік бағдарлама да өз миссиясын аяқтауға шақ. Елде ипотекаға сұраныс бар. Ұлттық банк дерегінше, жарты жылда қазақстандықтар 3,9 трлн теңге қарыз рәсімдеген. Бұл қаңтардағы көрсеткіштен 17 процентке көп. Оның 1 трлн-нан астамы елордалықтарға берілді. Алматы жұртшылығы 889 млрд теңге қарыз алды. Қарағанды мен Ұлытау облыстарына 244 млрд теңге, ал Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарындағыларда енді 217 млрд теңге ипотекалық берешегі бар.

ИПОТЕКАЛЫҚ НЕСИЕ ҮЛЕСІ АРТТЫ

Нұр-Сұлтанда – 1,13 трлн теңге

Алматы – 889,2 млрд теңге

Қарағанды мен Ұлытау облыстары – 244,6 млрд теңге

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстары – 217,4 млрд теңге

Шымкент – 184,5 млрд теңге.

БИЫЛ ТҮРКИЯҒА 47 МЛН ТУРИСТ КЕЛУІ МҮМКІН

Ал түсетін кіріс 37 млрд доллардан асады. Елдің туризм жөніндегі министрі Мехмет Нури Эрсой осындай болжам жасады. Оның бұлай пайымдауына жарты жылдағы көрсеткіш әсер еткен. Бүгінге дейін мұнда 17 млн адам келді. Бұл былтырғыдан 186 процентке көп. Бұған дейін Түркия билігі 45 млн мейманды қабылдауды жоспарлаған еді. Бюджетке 35 млрд доллар түседі деп күтілген. Бірақ жергілікті сарапшылар кірісті туристер санына қарап емес, жан басына шаққандағы түсімге қарай есептеу керек дейді. Өйткені 2022 жылдың 6 айындағы түсім 6 процентке төмендеген.