Қостанай облысында 27,9 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы Қостанай облысында 28 мың гектарға жуық жерді мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәлірек айтқанда, Фёдоровта 7 мың және Науырзым ауданында 20 мың га пайдаға асырылмай жатқан жайылым комиссия шешімімен кері қайтарылды. Сондай-ақ Меңдіқара ауданында ірі шаруа қожалықтарының бірімен 3,4 мың га жерді қолданысқа беру туралы меморандум жасалды. Қазіргі таңда ауылдық елді мекеннің айналасында 20 шақырымға дейінгі радиустағы жерлерді ортақ мүдде үшін пайдалануға рұқсат берілді. Өз кезегінде, партия мүшелері мұндай учаскелерді жеке тараптардың иеленіп кетуіне жол бермес үшін, ауылдық округтердің балансында қалдыруды ұсынып отыр. Бүгінде «Жер аманаты» комиссиясы арқылы республика көлемінде 267 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Дәулет Кәрібек, «AMANAT» партиясының хатшысы:

– Біздің комиссияның басты мақсаты – пайдаланылмай жатқан, оның ішінде заңсыз жеке меншікке өтіп кеткен жайылымдарды қайтару және оларды ауыл тұрғындары үшін қолжетімді ету. Жыл басынан бері Қостанай облысында 60 мың га пайдаланылмай жатқан жер қайтарылды. Сонымен қатар жалпы ауданы 45,4 мың га болатын 24 жер учаскесін қайтару мәселесі бүгінде сот өндірісінде.