Ақтауда «Zhas project» жобасы басталды

Маңғыстау облысында «Zhas project» жобасы басталды. Енді өңір жастары мемлекеттен 1 млн теңгеге дейін қаражат алып, қала мен ауылдарда әлеуметтік жобаларын іске асыра алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байқауға 18-28 жас аралығындағы жастар қатысады. Құжаттарды қабылдау 10 тамызға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аймақты, қаланы және ауданды көркейтуге арналған бастамаларға басымдық береді. Өткен жылдары демалыс орталықтарын, наубайханаларды, сұлулық салондарын ашуға қаржы бөлінген. Биыл республикада 250-ге жуық жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Оның 63-і Маңғыстау облысында жүзеге асады.

Наурызбек Мағдатов, «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

– Қатысушылар өз жобасының қай бағытта болатынын шешкеннен кейін біздің веб-сайтта тіркеліп, өз өтінімдерін беруі қажет. Барлық тіркелген өтінімдер екі кезеңдік іріктеуден өтеді. Алдымен техникалық іріктеу. Мұнда жобаның негізгі талаптарға сәйкестігі тексерілсе, екінші жобаны конкурстық комиссия өткізіледі.