Көлеңкелі киберкәсіп өршіп тұр

Ақпараттық һәм цифрлық технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір елдің 90 проценті ғаламторды пайдаланады. Оның ішінде технологияның тілін терең меңгерген озық ойлы мамандарымыз көп. Дегенмен ғаламтордың игілігіне қылмыс әлемі де килікті. Олардың басым бөлігі жымысқы әрекетін шетелде отырып іске асырады. Түрлі айла-тәсілді қолданып, өзіңнің ақшаңды өзгенің қалтасына салып беруге мәжбүрлейді. Интернеттегі алаяқтықтың көбеюіне жұмыссыздық себеп.

Жандос Сүйінбай, ҚР ІІМ криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы:

– Киберқылмыс саласының тез өріс алып кетуіне Қазақстанның ішіндегі және таяу шетелдегі жұмыссыздық елеулі рөл атқарды. Қылмысты ұйымдастырушылардың дені Қазақстаннан тыс жерлерде тұрақтанғанын айтуымыз керек. Олар кәсіби схемасын жүзеге асыру үшін біздің еліміздің ішінен дем берушілерді тапты, сол азаматтар банкілерден шот ашты немесе Қазақстан азаматтарының есепшоттары туралы ақпаратты қолды етті.

Алаяқтар арасында кеңінен қолданылатын әдіс – банк немесе құқық қорғау қызметкері болып қоңырау шалу. Осы арқылы олар жәбірленушінің сеніміне кіріп, шотындағы қаржыны түгел сыпырып алады. Жыл басынан бері осы айламен қылмыстық әрекетін жүзеге асырған 8 топ ұсталған. Заңгерлердің айтуынша, алаяқтардың көбіне нысаанға алатыны – зейнеткерлер.

Абзал Бекбосынов, адвокат, ҚР Президенті жанындағы адам құқығын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі:

– Дамып келе жатқан қылмыстың бір түрі. Бұл қылмыспен көбінесе, интернетті, смартфонды жақсы меңгерген мамандар айналысады және қамауда өзінің жазасын өтеп отырған адамдардың өздері осындай қылмыспен айналысып, осындай әрекетке барған фактілер орын алып отыр. Мұндайға алданбау керек, алдын ала ақшасын аудармау керек, есепшот картасын айтпауы керек

Алаяқтардың жолын кесу үшін полицейлер шетелдік әріптестерімен де серіктестікті күшейтті. Нәтижесінде, киберқылмыспен айналысқан бірнеше шетелдік ұсталды. Алайда шекараның ар жағында отырып, отандастарымыздың қалтасын аңдитындар саны азаяр емес.

Авторы: Бекзат Аманов