Сайрам ауданының диқандары егінін суара алмай жүр

Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының диқандары егін даласын суара алмай сенделіп жүр. Шаруалар жергілікті билік өкілдері Түркістан қаласына су тарту үшін арналарды әдейі жауып тастап отыр, дейді. Салдарынан көкөніс пен жеміс бақтарына айлап су берілмеген. Енді тамырына нәр бармаған егін алқабы кеуіп, көктей солып кетудің аз алдында тұр.

Хикматулла Саидназаров егін алқабында ерінбей еңбек етіп, бір алқаптан екі рет өнім алуға машықтанған. Көктемде картоп өнімін жинап, алыс-жақын ел ішінде саудалады. Ал екінші маусымға 650 мың теңгеге баклажан көшеттерін сатып алып, мол өнім жинауды ойлаған еді. Бірақ ойы іске аспай, ыстық күнде көшеттері көктей солып жатыр.

Хикматулла Саидназаров, диқан:

- Баклажан жоқ уже. Бірен-саран қалған. Енді мұны суармайтын болсақ бәрі уже банкрот болады. Бұл жерге 600 мыңнан астам ақша салып қойдым. Одан бөлек дәрі алып, сеуіп тастағанмын. Оның бәрі шығын.

Осылайша Сайрам ауданында жүзден астам диқанның шаруашылығы шатқаяқтап қалды. Ыстық күн де жас өскінге су жеткізе алмаған диқандар шығын көлемін есептеп, Ақсу өзенінің арнасына күнде жиналады.  Көбі картоп пен пияз, сәбіз бен мал азығын еккен. Сондай-ақ жеміс ағашын жайқалтқандар да тіршілік нәріне зәру. Айтуларынша, айына бес күн толық су алуға уағдаласып, алдын ала ақысын да төлеп қойыпты. Бірақ осыған дейін тек 6 сағат қана су беріліпті. 

Роза Әбдікерімова, Ақсу ауылының тұрғыны:

- Су жақсы болмағаннан кейін алмаға ауыстық. Бір ай болды міне су жоқ. Қурап жатыр ағаштар.

Диқандар алты сағат ішінде бір гектар алқапты суару мүмкін еместігін айтты. Ал суға жауапты сала басшылары барлығын табиғи жағдаймен байланыстырып отыр. Өзен арнасы бұған дейін Түркістанға бұрылса да арнада жеткілікті мөлшерде су деңгейі сақталғанын алға тартады. Ал биыл су деңгейі секундына 5 текше метрге дейін түсіп кеткен. Сондықтан су үлестірудің жаңа кестесі бекітіліпті.

Шухрат Ибайдуллаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары:

- Бізде 12-13 куб су келіп тұрған еді Ақсуға таудан. Осы шілде айында қазір 9 кубқа түсті секундына таудан келген су. Сондықтан біз 48 каналдың бәріне жеткізе алмағаннан кейін кестеге өткіздік. Кесте дұрыс жасалмаған ба әлде су шаруашылығының мамандары дұрыс тиімді пайдаланбаған ба халыққа жетпей кішкене түсініспеушілік болып тұр. Оның бәрін ретке келтіреміз. Бүгіннен бастап.

Сайрам ауданында 23 мың гектар суармалы егіс алқабы бар. Жергілікті билік өкілдері Ақсу өзені секундына 20 текше метр су өткізу мүмкіндігі барын айтады. Бірақ алдағы уақыт та әлі де ауа райының аптап ыстығының салдарынан су тапшылығы сақталады деп отыр. Сондықтан кезекпен үлестіру кестесі сақталады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы

Сондай-ақ...