Мең мен қалдың қатерлі ісік тудыратын түрлері бар

Адам денесіндегі мең мен қалдың теріде қатерлі ісік тудыратын түрлері бар. Онколог дәрігерлер осылай дейді. Әдетте кей адам денесіндегі қал немесе меңді табиғи ерекшелік деп, мән бермейді. Тіпті оны денсаулығына қауіпсіз деп ойлайды. Алайда денедегі өскіннің түр-түсіне мән берген жөн.

Айнұр Аязбаева қабағының үстіндегі меңнің қолайсыздық тудырғанын айтады. Бала кезде пайда болған өскін көлемі жасы ұлғайған сайын өсе түскен. Көзін бояуға кедергі келтіргені былай тұрсын жанарына да салмақ түсіріпті. Көз үстінде орналасқандықтан арнайы маманның кеңесіне жүгініп, лазерлік операциямен алдырып тастады.

Айнұр Аязбаева, қала тұрғыны:

- Қабақтарымыз түсіңкіреп келгендіктен мең де түскендей болып кедергі жасады. Алып тастағым келді. Маған онкологқа бару керек болды. Былай дәрігер добракачественный деп айтты. Ешқандай қауіпті емес деп, қандай түрге бөлінетінін айтты. Содан алғыздым.

Ғалымдар адам терісінде болатын мең мен қалдың 300-ден астам түрін анықтаған. Оның бірі туабітті, бірі жүре пайда болады. Бірақ осы өсінділер мен терідегі дақтардың ішінде өмірге қауіп төндіретіндері де бар. Солардың бірі меланома. Сондықтан қазір тері меланомасын анықтау және емдеу онкологияның күрделі мәселелерінің біріне айналған. Жас ұлғайған сайын адамның меңі ақырын өседі, аздап формасы өзгереді. Өңі де дене түсіндей болуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. Ал үлкейіп, беткі қабаты қарая түссе, беті қышып, ауырсынса оған бей-жай қарауға болмайды. Ондайда дәрігерге қаралған дұрыс. Оның соңы ауыр жағдайға ұласуы мүмкін.

Сәкен Сәбірбеков, онколог дәрігер:

- Ең бірінші маманға бару керек. Дерматолог немесе онкологтың кеңесін алып содан кейін қауіпті емес десе ғана алуға болса ғана адам шешеді. Егер косметологиялық салонға барып алғызғысы келсе міндетті түрде дәрігермен кеңесіп алу керек. Меланома мен базалема  терінің қауіпті аурулары. Өте жаман, 1-3 мм болып екі-үш айда метастаз беруі мүмкін. 

Ауруды уақытында анықтау маңызды. Мұндайда өзін өзі тексеру әдісі көмектеседі. Айнаға қарап, терідегі барлық қара, қызыл, көк немесе қоңырқай меңдерді, дақтарды, түйіндерді тексеріңіз. Қауіпті мең мен дақтың шеттері біркелкі болмайды. Сондай-ақ денесінде меңі көп адам күн сәулесінен сақтануы керек, дейді мамандар. Себебі өскіндері бар адамдардың меланомаға шалдығу қаупі бар.

Айнұр Қуатқызы, Мұрат Әріпханов