СҚО-да балабақшада тамақ жоқ

Бүгін Новомихайловка ауылындағы шағын орталыққа  небәрі 5  бала келді. Аспаздар олардың өзіне не пісіріп берерін білмей дал. Өйткені азық-түлік тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан алаңдап ата-аналар келді.  

Ольга Комиссарова, Новомихайловка ауылының тұрғыны:

- Бізге балаларыңды таңертең өздерің тамақтандырып алып келіңдер деді. Ал, түсте алып кетуіміз керек. Бәрімізде жұмыстамыз. Міне, осындай жағдайға тап болдық.

Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде азық-түлік қоры түгесіле бастады . Жеткізуші кәсіпкер соңғы рет мамыр айында әкелген.  Содан бері қызметкерлер өздері тасып жүр.    

Инга Будкина, Шағын орталықтың шаруашылық меңгерушісі:

- Біз ауылда тұрамыз ғой. Сондықтан картоп, қызылша, сәбіз секілді көкөністер өзімізде бар. Ас мәзіріндегі азық-түлікті үйден әкелуге тура келді. Балалар аш болмады.

Шағын орталықты азық-түлікпен қаматасыз ететін кәсіпкер бұл міндетінен бас тартқан. Оның айтуынша, бүгінгі бағалармен жұмыс істеу мүмкін емес. 

Жасұлан Қабдолов, кәсіпкер:

- Мысалы құстың еті 1 мың 770 теңгеден сатып алып жатырмыз. Қант пен майың да қымбат. Пайдадан шығыны көп. Сондықтан білім бөліміне келісім-шартты бұзу жөнінде хат жібердік.

Қазір Мамлют ауданы бойынша 16 балабақша азық- түліксіз қалды. Кәсіпкерлер жыл басында жасалған келісім-шартты бұзуға дайын.  

Мұрат Ташмағанбетов, Мамлют аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Қазір мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қатысты қаулыға тиісті өзгертулер енгізіліп, тамақтандыру ақысы көтеріледі. Содан кейін жеткзізушілермен жаңа келісім-шарт жасалады. Мәселе шешіледі.

Бұл тағы да бірнеше аптаның шаруасы. Тек оны балаларға қалай айтып түсіндіресің?! 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев