Қостанай облысында субсидиясыз су қымбат

Восточныйда 300-ге жуық үй түтін түтетеді. 2019 жылы әр үйге су құбыры тартылып, тұрғындар мәре-сәре болысып қуанған. Бірақ былтыр тіршілік нәрі бірден 15 есеге қымбаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Наталья Стенькина да суды емін-еркін пайдалана алмайды. Барынша үнемдеп тырысқанымен пайда жоқ. Ай сайынғы есеп-шот түбіртегін көргенде жағасын ұстап, амалсыз төлеуге мәжбүр.

Полина Коцюбинская, Восточный ауылының тұрғыны:

- Судың бағасы алтынмен пара-пар десек қателеспейміз. Бір текше метрі 533 теңге. Бұрын 30 теңге болатын. Айына 2-3 текше метр тұтынсақ, кем дегенде мың жарым теңге төлейміз.

Наталья Стенькина, Восточный ауылының тұрғыны:

- Тұрмыста судың игілігін сезіне алмай отырмыз. Бақшаны суарайық десек, қалтамыз көтермейді. Қымбат судың кесірінен монша, кір жуғыш машинаны толық пайдаланбаймыз. Ал кейбіреулер айына 10-15 текше метр су тұтынады.

Сорғы станциясы осы Восточный ауылында орналасқан. Ол арқылы суды көрші Фурманов елді мекені де тұтынады. Бір қызығы сегіз шақырым қашықтағы ауылдың суын мемлекет субсидиялайды. 

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Бағаның былайша аспандап кетуіне ауыл халқына қарастырылған ауыз су субсидиясының жоқтығы себеп. Аталған мемлекет қолдау былтыр тамыз айында күшін жойған. Сол уақыттан бері жергілікті билік тұрғындардың төлемақысын өтеудің жаңа әдістемесін бекітумен әлек. Соның негізінде тұрғындардың артық төлемдерін қайтару көзделген.

Ауыз су субсидиясының жаңа әдістемесі қашан дайын болатыны белгісіз. Камераға сұхбат беруден бас тартқан энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасындағылар осылай деді. Ал жазбаша жауапта тиісті құжаттар министрлікке ақпан айында жолданды. Бірақ нақты шешімі әлі бекітілмеді делінген. Яғни Восточный тұрғындарына көрші ауылдың арзан суды тұтынып отырғанына қызыға қараудан басқа амал жоқ. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг

Сондай-ақ...