Қызылордада науқастардың есту протездері кешігіп жатыр

Алты жасар Нұрали дыбыстарды қайталап, сөйлеуді енді үйреніп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені туғаннан құлағы естімейді. Ем-домның түр-түрін жасаған ата-анасы бала 2 жарымға толғанда кохлеарлы имплант орнату жөнінде шешімге келген. Алайда жалпы анестезиямен құлақ артының сүйегін тесіп жасалған операция үмітті ақтамады. Есту жүйкесін электр ынталандыру арқылы аудио ақпаратты қабылдауын қамтамасыз ететін жоғары технологиялы аппараттың күйін келтіру қиынға соғыпты. 

Гүлдей Есмаханова, қала тұрғыны:  

- Қазақстан бойынша жақсылап мәзірін жасап бере алмайды. 3 ай сайын Алматы, астанаға барамыз. Бала естімей тұр деп айтсақ кінәні өзімізге артады. Польша елінен профессор келіп, ақпан айында настройкасын қойып берді бізге. Сол кезде бір сағаттан кейін бала естіп тұрды. Нұрали деп атып айтып едік бірден қарап, сол кісінің настройкасы бізге ұнады. 

Сыртқы сымдары және қоректену элементі жоқ заманауи есту протезін салдырған 9 жастағы Хансұлтан да табиғаттың түрлі дыбыстарымен танысып, қазір тілі шықты. Бірақ электрод жүйелі қондырғының бөлшектерін 5 жыл сайын ауыстыру керек екен. Ал ол әзірге қолжетімсіз болып тұр.

Мөлдір Тәжібаева, қала тұрғыны:

- Уайымдап жүрміз, аппаратымыз сәл бұзылып қалмаса деп қорқып отырамыз. Өйткені бала терлейді, магнит терінің астында тұр. Тез-тез ауыстыратын бөлшек қолымызда тұрса дейміз. Қандай да бір бұзылыстар болса тек сол Алматыдағы орталыққа ұшуымыз немесе пойызбен тез жетуіміз керек болады. Біздің қалада жоқ жөндейтін жер.

Облыстық әкімдікке қарасты салалық басқармадағылар мәселеден хабардар. Олардың айтуынша ұсыным құжаттары өткізілген. Дегенмен препараттар бағасының қымбаттауы және мемлекеттік сатып алу заңнамасындағы жаңа өзгерістерге сәйкес кешігулер болып жатқанын мойындап отыр.

Гүлшат Әбдіқалықова, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Өткен жылы мемлекеттік сатып алу өткен жоқ. Себебі 2021 жылдан бастап мүгедектерді оңалтуға қатысты барлық қызметтер мен тауарлар әлеуметтік қызметтер порталына көшті. Осы әлеуметтік порталда өнім берушінің тіркелмеуіне байланысты біз портал арқылы ала алмадық. Сол себептен қаржыны кері қайтаруға тура келді жылдың соңында. Қазір 3 мәрте мемлекеттік сатып алу жүргізілді. Тағы да аяқталған жоқ, келісім-шарт жасалуда қазіргі таңда.

Жауапты басқарма өкілдері тауар жеткізуші мекеме алдағы қыркүйекке дейін мәселе шешімін тауып, жыл соңына дейін кохлеарлы имплант бөлшектері науқастарға үлестірілетіндігін айтты.   

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев